СОРБОННА-ҚАЗАҚСТАН ИНСТИТУТЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

Абай университетінің биылғы түлектеріне диплом табыстау салтанаты бүгін түстен кейін жалғасын тапты. Білім жолындағы маңызды белесті еңсерген Сорбонна-Қазақстан институтының түлектері жаңа өмір кезеңіне халықаралық деңгейдегі маман ретінде қадам басты.


Биыл Сорбонна-Қазақстан институтын барлығы 42 білім алушы тәмамдады. Оның ішінде бакалаврды 19 студент аяқтап, үш түлек үздік дипломға ие болды. Сонымен қатар 23 магистрант жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын сәтті меңгеріп, магистр дәрежесін иеленді.


Мерекелік шарада университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп Анапияұлы онлайн форматта сөз сөйлеп, түлектерді өмірлеріндегі маңызды күнмен құттықтады.


– Қымбатты достар, бүгін сіздер жаһандық стандарттарға сай келетін беделді мамандықты меңгеріп шықтыңыздар. Бұл жетістік – отандық ғылым мен Францияның озық тәжірибесінің ұштасқан нәтижесі. Алған білімдеріңіз мемлекетіміздің өркендеуіне, қоғамның дамуына зор септігін тигізеді деп кәміл сенемін. Еліміздің қай түкпірінде жүрсеңіздер де, Абай есімін биік ұстап, адал қызмет етуді басты мақсат етіңіздер! – деді ректор.


Ізгі лебізді Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова жалғастырды. Ол студенттердің оқу жылдарындағы ізденісі мен жетістіктеріне тоқталып, әрбір түлектің білім ордасы тарихындағы жарқын белестердің қалыптасуына өзіндік үлес қосқанын атап өтті. Сонымен қатар жас мамандарға алған білімдерін халықаралық деңгейде тиімді пайдаланып, кәсіби биіктерді бағындыру жолында табыс тіледі.


Салтанатты рәсімде түлектерге дипломдарды университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау, факультеттің оқытушы- профессорлар құрамы мен құрметті ұстаздары табыс етті. Әрбір жас маманға ақжарма тілектер айтылып, олардың болашақтағы кәсіби жетістіктеріне зор сенім білдірілді.


Бүгінгі күн түлектер үшін студенттік шақтың жарқын белестерін қорытындылап қана қоймай, үлкен өмірге бастар жаңа мүмкіндіктердің есігін ашқан ерекше мереке ретінде есте қалмақ. Сорбонна-Қазақстан институтының түлектері алған сапалы білімі мен жинаған тәжірибесін ел игілігіне жұмсап, халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын асқақтататын білікті мамандар қатарына қосылатынына сенім мол.

 

«Abai University» медиа орталығы