ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ САЛТАНАТЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Абай университетінде 2026 жылғы бітіруші түлектерге диплом табыстау салтанатты апталығы басталды. Тарих және құқық факультетінің түлектері алғашқылардың бірі болып мамандық дипломдарын қолына алды. Биыл факультетті 227 білім алушы тәмамдап отыр. Оның ішінде 157 бакалавр, ал 70 магистрант жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын табысты меңгеріп, оқуын аяқтады. Бакалавриат түлектерінің 69-ы үздік диплом иегері атанды.

Салтанатты жиын Абай атындағы ҚазҰПУ Басқармаи Төрағасы-Ректоры Болат Тілептің бейнеқұттықтауымен басталды. Өз құттықтауында ректор:

– Студенттік жылдар – біліммен қатар өмірлік достар табылып, үлкен армандар айқындалып, болашаққа деген сенім қалыптасатын ерекше кезең. Абай университеті сіздерге сапалы білім беріп қана қоймай, өмірлік ұстаным мен рухани құндылықтарды да дарытты. Ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өсиеті әрдайым жолдарыңызға бағдар болсын. Қолдарыңызға алғалы жатқан диплом – жаңа белестерге бастайтын үлкен өмір жолының алғашқы қадамы. Сіздерге толағай табыс, жарқын болашақ тілеймін. Дипломдарыңыз құтты болсын! – деді ректор.

Мерекелік рәсімде университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Мұқатайқызы жас түлектерге ізгі тілегін арнап, дипломдарын салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар, әскери кафедраны тәмамдаған бітірушілерге әскери шен берілді.

Биылғы түлектердің арасында оқу үлгерімімен, ғылыми ізденісімен және қоғамдық белсенділігімен дараланған жастар аз емес. Солардың бірі – «Тарих-құқық негіздері» білім беру бағдарламасының түлегі Әділет Айдосұлы. Ол – Абай шәкіртақысының және ҚР Президентінің стипендиясының иегері атанып, оқуын үздік нәтижемен аяқтады.

– Абай университеті – мен үшін білім мен мүмкіндікті қатар ұсынған, жан-жақты дамуыма жол ашқан оқу орны болды. Оқытушыларым әрбір жобамда бағыт-бағдар беріп, ғылыми ізденістеріме үнемі қолдау көрсетті. Осы ортада мен өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік алдым. Университет маған болашақ маман ретінде сенімділік пен жауапкершілік қалыптастырды», – дейді жас түлек.

Салтанатты жиын соңында барлық түлектерге қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» жинағы тарту етілді. Түлектердің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамына арналған айтулы күн олардың жүрегінде ұмытылмас естелік болып қалары сөзсіз.

«Abai University» медиа орталығы