УНИВЕРСИТЕТТІҢ 27 БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ОТАНДЫҚ РЕЙТИНГТЕ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің (IAAR) 2026 жылға арналған жоғары оқу орындарының бас рейтингі жарияланды. Еліміздің жоғары оқу орындарын мамандар даярлау деңгейлері мен бағыттары бойынша бағалаған рейтинг білім беру сапасы мен білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті рейтинг нәтижесі бойынша тағы да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, педагогикалық кадрлар даярлауда көшбасшы оқу орны екенін дәлелдеді. Университеттің бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейіндегі жалпы саны 27 білім беру бағдарламасы өз бағыттары бойынша елімізде бірінші орынға ие болды.

Бакалавриат деңгейінде «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы 3443 ұпаймен көш бастап тұр. Сондай-ақ «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогикасы», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Әскери дайындық мұғалімдерін даярлау», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау», «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау», «Химия мұғалімдерін даярлау», «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» және «Арнайы педагогика мамандарын даярлау» мамандықтары ең үздік деп танылды. Яғни, республика бойынша аталған мамандықтарды оқытатын оқу орындарының ішінде Абай университеті білікті мамандар даярлайды деген сөз.

Магистратура рейтингінде де қара шаңырақ жоғары көрсеткіш көрсетті. Атап айтқанда, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогикасы», «Дене шынықтыру педагогтерін даярлау», «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Информатика педагогтерін даярлау», «География педагогтерін даярлау», «Гуманитарлық пәндер бойынша педагогтерді даярлау», «Арнайы педагогика бойынша кадрлар даярлау», «Философия және этика», «Қоршаған орта және география» және «Химия» білім беру бағдарламасы бірінші орыннан көрінді.

Докторантура бойынша «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбие» бағдарламасы 6085 ұпай жинап, үздік атанса, «Пәндік мамандандырылған мұғалімдерін даярлау» – 4952, «Бастапқы әскери даярлық педагогтерін даярлау» – 1327, «Математика педагогтерін даярлау» – 921, «География педагогтерін даярлау» – 5865, «Тарих педагогтерін даярлау» – 1302, «Орыс тілі және әдебиеті мұғалімдерін даярлау» – 1003, «Философия және этика» – 20 459 және «Биология» бағдарламасы 3753 ұпаймен көшбасшы атанды.

Абай университеті білім беру бағдарламалары бағыттары бойынша институционалдық рейтингінде де білім ғылымдары саласында бакалавриат деңгейінде – 73 353, магистратурада – 16 629 және докторантурада – 34 088 ұпай жинады. Ал Өнер және гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша магистратурада – 20 177 және докторантурада – 20 459 ұпай көрсеткішіне қол жеткізді.

Рейтинг қорытындылары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім беру сапасының жоғары деңгейін, ғылыми-педагогикалық әлеуетінің мықтылығын және білікті мамандар даярлаудағы тәжірибесінің нәтижелілігін тағы бір мәрте айғақтап отыр.

«Abai University» медиа орталығы