ОТАНДЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢА ФОРМАТҚА КӨШЕДІ

Елордада өткен Оқу-әдістемелік бірлестіктерінің кеңейтілген көшпелі мәжілісінде отандық педагогикалық білім беру жүйесін түбегейлі трансформациялау, атап айтқанда, оқу үдерісіне жасанды интеллект пен нейрожелілерді интеграциялау және оқытуды дербестендіру мәселелері қызу талқыға түсті. Салалық қос министрлік өкілдері, аккредиттеу агенттіктері мен жетекші жоғары оқу орындарының басшылары бас қосқан алқалы жиын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің бастамасымен ұйымдастырылып, білім беру сапасын арттырудың жаңа бағыттарын айқындады.

Мәжіліс барысында болашақ педагогтарды даярлау сапасын арттыру, теория мен тәжірибені ұштастырудың жаңа тетіктері сөз болды. Қатысушылар білім беру бағдарламаларында практикаға бағдарланған тәсілдерді барынша күшейту, цифрландыру заманында жасанды интеллект пен нейрожелілер мүмкіндіктерін оқу үдерісіне тиімді кіріктіру қажеттігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, студенттердің өзіндік таңдауы мен қабілетін ескере отырып, дербес білім беру траекторияларын қалыптастыру, сондай-ақ заманауи PRL/S-PRL әдістемесі негізінде оқу бағдарламаларының сапасына терең талдау жасау мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Бұл ретте маман даярлау сапасының еңбек нарығындағы шынайы сұранысқа сәйкес келуі мен аккредиттеу рәсімдерін жетілдіру басты міндет ретінде айқындалды.

Басқосуда Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлжан Жарасова сөз сөйлеп, заманауи педагогикалық университеттерді қайта форматтаудың стратегиялық маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде білім беру сапасын бағалаудың халықаралық PRL/S-PRL әдістемесін енгізу тетіктерін түсіндіріп берді.

Ауқымды шараға Абай университетінің академиялық істер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова арнайы қатысып, заманауи педагогтарды даярлаудағы ҚазҰПУ тәжірибесі мен алдағы жоспарлары туралы ой бөлісті. Ал Академиялық мәселелер департаментінің директоры Жанна Жүсіпова модераторлық жасады.

Алқалы жиынның қорытындысы бойынша қатысушылар ортақ қарар қабылдады. Бұл құжатта отандық жоғары оқу орындарына арналған нақты ұсынымдар жүйеленіп, педагогикалық білім беру жүйесін жаңғыртудың, тәжірибелік дайындықты тереңдетудің және оқу процесіне жасанды интеллектінің озық құралдарын кеңінен енгізудің басым бағыттары бекітілді.

 

«Abai University» медиа орталығы