УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ТОП-50 ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (IAAR) жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына арналған 2026 жылғы Бас рейтинг қорытындысын жариялады. Сараптама нәтижесі бойынша, Абай университетінің үш бірдей өкілі Қазақстандағы ең таңдаулы ТОП-50 үздік маман қатарынан көрінді. Сондай-ақ білім ордасы жалпы есепте кадрлар сапасы бойынша 18-орынға тұрақтады.


Рейтингтік бағалаудың нәтижесінде, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі Владимир Николаевич Косов, профессор-зерттеуші Жексенбек Тоқтарбай және философия ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Гульнара Дуйсеновна Рахимова жоғары көрсеткіштерге ие болды. Аталған тұлғалардың іргелі еңбектері мен педагогикалық тәжірибесі кәсіби ортада, отандық және халықаралық сарапшылар арасында лайықты бағасын алды.


Профессор Владимир Косовтың есімі ілімді дамыту және жас ізденушілерге бағыт-бағдар беру ісімен тығыз байланысты. Оның жетекшілігімен жүзеге асқан инновациялық зерттеулер жаһандық кеңістікте физика-математика саласының өрісін кеңейтуге қызмет етеді. Ғалымның мақалалары мен жобалары бірнеше жылдан бері беделді халықаралық дерекқорларда жоғары сұранысқа, академиялық қауымдастықтың тұрақты қолдауына ие. Айта кету керек, ол 2022 жылдан бері осы тізімде жетекші орынды иеленіп келеді.


Оқу ордасының тағы бір мақтанышы – Жексенбек Тоқтарбайдың да ғылыми қызметі айқын, өлшемді нәтижелерімен ерекшеленеді. Оның ізденіс бағыттары тәлім-тәрбие үдерісін заманауи талаптарға сай жетілдіруге негізделген. Ұстаз студенттерге сапалы дәріс берумен қатар, олардың бойында теориялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға, талдау жасау дағдыларын дамытуға үлкен үлес қосуда.


Үздіктер қатарынан орын алған Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Гульнара Рахимованың да еңбегі орасан. 2007 жылдан бері қара шаңырақта еңбек етіп келе жатқан ізденуші – 50-ден астам ғылыми мақала мен 2 монографияның авторы. Оның зерттеу аясы философиялық антропология мен мәдениет философиясын қамтиды.


Бүгінде ізденіс жұмыстарының өзектілігі, халықаралық деңгейдегі белсенділік пен сыртқы байланыстардың нығаюы мекеменің ішкі сапасын арттыратын негізгі қозғаушы күшке айналған. Абай университеті оқу-ағарту ісі мен талдамалық ізденістерді қатар дамыту арқылы жаңа форматтағы зерттеушілер буынын қалыптастыруды көздейді. Оқытушылардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жетістіктері ЖОО дамуының ұзақ мерзімді жоспарларымен астасып, оның отандық жоғары білім беру жүйесіндегі орнын бекітеді. Нақты өлшемдер мен сыртқы сараптамаға негізделген бұл қорытынды жоғары оқу орнының кәсіби әлеуеті уақыт талабына сай тұрақты артып келе жатқанын көрсетеді.


«Abai University» медиа орталығы