24.06.2026
НАМЫСТЫ ЖАСТАР ҚАЛЫПТАСАТЫН МЕКТЕП
Мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы. Рухы асқақ, жоғары білімді,
еркін ойлы, отансүйгіш жастар – жарқын болашақ кепілі. Абай университетінің Дене
шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті – отан қорғаушы батырлар мен
спорт саңлақтарын даярлайтын білім ордасы. Бұл қара шаңырақ – жас буынды кәсіби
деңгейде шыңдап, ел игілігіне қызмет ететін шынайы патриоттарды баптайтын
қасиетті ұя. Факультет жас өрендердің тұлғалық және кәсіби тұрғыда қалыптасуына
қандай мүмкіндіктер беретініне тоқталсақ.
Факультеттің білім беру
бағдарламалары теориялық даярлық пен практикалық машықтың өзара сабақтастығына
негізделген. Студенттер спорттық педагогика, психология, физиология, жаттықтыру
әдістемесі, әскери дайындық негіздері секілді маңызды бағыттарды меңгеріп,
кәсіби біліктіліктерін жетілдіреді. Оқу барысында спорт түрлері бойынша
тәжірибелік сабақтарға қатысып, болашақ кәсібінің ерекшеліктерін терең игереді.
Мұнда мол тәжірибеге ие ғалымдар мен білікті оқытушылар қызмет атқарады. Олар
оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастырып, студенттердің зерттеушілік
қабілетін дамытуға, шығармашылық ойлауын шыңдауға және кәсіби шеберлігін
арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Аталған бағытты таңдаған
талапкерлер үшін мамандықтар тізімі мен шекті балл төмендегідей белгіленген. Дене
шынықтыру және спорт немесе Алғашқы әскери дайындық курстарына ниет
білдірушілер ҰБТ-дан кемінде 20 балл жинауы тиіс. Ал жалпы конкурс
нәтижесі бойынша 75 балдан жоғары көрсеткіш көрсету талап етіледі. Яғни,
талапкерлер екі шығармашылық емтиханда спорттық және физикалық дайындығын
көрсете білуі керек.
Бүгінде Дене шынықтыру және
алғашқы әскери дайындық факультеті білім мен тәрбие, ғылым мен тәжірибе, дене
мәдениеті пен патриотизм үндескен іргелі оқу орталығы ретінде танылып отыр. Университет
қабырғасынан қанат қаққан саңлақтар Олимпиада және Паралимпиада ойындарында,
әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғап келеді. Әлемдік
ареналарда Қазақстанның көк Туын желбіретіп жүрген чемпиондар мен
жүлдегерлердің қатарында дзюдо, самбо, бокс, каратэ, таэквондо, қазақ күресі
және өзге де спорт түрлерінің майталмандары бар.
Қара шаңырақтың мақтанышына
айналған тұлғалардың өмір жолы – бүгінгі шәкірт пен ертеңгі талапкердің бойына
жігер беріп, алға жетелейтін темірқазығы. Болашағын спорт жолымен
сабақтастырғысы келетін жалынды жастар үшін бұл мекен – биік мұраттарға бағыт
сілтер даңғыл жол басы.
«Abai University» медиа орталығы