23.06.2026
ТАРИХТА ІЗ ҚАЛДЫРУ ҮШІН – БІЗГЕ КЕЛ!
Ұлттың қалыптасу жолын,
мемлекеттердің өркендеу кезеңін, қоғамдық өзгерістердің себеп-салдарын зерделеу
– келешекті дұрыс бағдарлаудың сенімді жолы. Абай университетінің Тарих және
құқық факультеті білім алушыларға дүниежүзілік мәдениет пен саясатты, қоғам мен
заңды, дін және философияны зерттеуге жол ашады. Егер сені көне жазулардың
тылсым құпиясы, өркениеттердің өзгеріс динамикасы және жаһандық саяси эволюцияның
өрісі қызықтырса, аталмыш факультет – сенің таңдауың.
Біз тарихты жалаң хронология мен
оқиғалар тізбегі ретінде қарастырмаймыз, біз уақыт кеңістігіне бойлап, олардың
астарлы мәнін шешеміз. Факультеттің ғылыми мектебі – отандық және дүниежүзілік
тарихтың, саясаттану мен философияның бағыттарын зерттейтін іргелі шаңырақ.
Мұнда студенттер алғашқы курстан бастап-ақ сирек кездесетін мұрағат
материалдарымен жұмыс істеп, археологиялық экспедицияларға қатысады және
цифрлық гуманитаристика құралдарын меңгереді. Оқу орнының оқытушы-профессорлар
құрамы – шетелдік ғылыми институттармен бірлескен жобаларды жүзеге асырып
жүрген танымал ғалымдар мен сарапшылар.
Биылғы оқу жылында заман талабына
сай трансформацияланған, пәнаралық байланысқа негізделген білім беру
бағдарламаларын ұсынылады. Іргелі зерттеулер мен халықаралық бағытты қамтитын «Гуманитарлық
пәндер мұғалімін даярлау» мамандығына ҰБТ-дан кемінде 85 баллдан
жоғары нәтиже керек. Ойлау мәдениеті мен концептуалды талдауға жетелейтін «Философия»
мен «Тарих» бағдарламалары бойынша шекті көрсеткіш – 80 балл. Заң
үстемдігі мен бизнес-стратегияны ұштастырған «Құқық және кәсіпкерлік
негіздері» мамандығына 75 балл жеткілікті. Ал қоғамдық
құбылыстарды модельдеу мен заманауи сараптамаға бағытталған «Мәдениеттану»,
«Әлеуметтану», «Саясаттану» және «Құқық» салаларына түсу
үшін де 75-тен жоғары көрсеткіш талап етіледі. Шығармашылық ізденісті қажет
ететін «Дінтану және саясат» бағдарламасына үміткерлер
ұлттық тестілеуден кемінде 20 ұпай – жалпы арнайы емтиханнан 80 ұпай
жинауы тиіс.
Оқу бағдарламасында студенттер
тек кәсіби білім алып қана қоймай, саяси үдерістердің ағымын алдын ала
бағамдауды, үгіт-насихат пен шынайы тарихи деректі ажыратуды үйренеді. Танымдық
ізденістерге негізделген дәрістер, тәжірибелік сабақтар, ғылыми жобалар мен студенттік
клубтар білім алушылардың ойлау көкжиегін кеңейтеді. Факультет қабырғасында
көшбасшылық қасиет, азаматтық ұстаным, ұлттық мүддеге адалдық секілді
құндылықтар да нығая түседі. Түрлі зияткерлік байқаулар, тағылымдық кездесулер,
конференциялар мен студенттік бастамалар жас буынның белсенділігін арттырады.
Бүгінгі таңда аналитикалық тұрғыда
ойлана алатын, гуманитарлық ғылымдардың қыр-сырын меңгерген мамандарға сұраныс
өте жоғары. Осында білім алған түлектер мектептерде ғана емес, отандық және
халықаралық сараптамалық ұйымдарда, мемлекеттік басқару және стратегиялық
жоспарлау органдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, медиа саласы мен
дипломатиялық мекемелерде табысты еңбек етеді.
Тарих факультеті – бұл өткеннің
тағылымын тану арқылы жаһандық әлемде болашақтың бағытын өз қолымен айқындайтын
тұлға таңдауы. Тарихты өз қолыңмен жаз!
«Abai University» медиа
орталығы