23.06.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПЕРУДЖАДАҒЫ МОНТЕССОРИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛМАҚ
Абай университеті мен Перуджадағы
(Италия) тұңғыш Халықаралық Мария Монтессори орталығы өзара ынтымақтастық
туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, тараптар Қазақстанда
алғашқы Монтессори ғылыми-зерттеу зертханасын және Абай университеті базасында
педагогтарды сертификаттаудың ұлттық орталығын құруға уағдаласты. Университет
ректоры Болат Тілеп бастаған делегацияның сапары аясында қолға алынған бұл маңызды
серіктестік еліміздегі инклюзивті білім беруді дамытуға және жаңа буын
мұғалімдерін даярлауға озық әлемдік тәжірибелерді жүйелі түрде енгізуге
бағытталған.
100 жылдық мерейтойы қарсаңында
Абай университеті зерттеу бағытындағы жаңа үлгідегі педагогикалық жоғары оқу
орнына трансформацияланудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Мұндағы басты
басымдықтарының бірі – халықаралық деңгейде мойындалған әдістемелерді енгізу,
өйткені Қазақстанда бұл жүйеге деген қызығушылық жыл санап артып келеді.
Бүгінгі таңда Монтессори педагогикасының қағидалары еліміздің 11 қаласындағы
40-тан астам мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру орталықтарында
қолданылады, алайда бұл тәжірибені әрі қарай кеңейту үшін іргелі академиялық
база мен білікті мамандар даярлау қажет.
Италиялық орталықтың президенті
Симоне Павони және вице-президенті Лучио Ломбардимен өткен келіссөз барысында
бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Олардың қатарында студенттерге
халықаралық AMI сертификаттарын беретін бірлескен білім беру бағдарламаларын
әзірлеу, оқытушыларды «тренерлерге арналған тренер» моделі бойынша дайындау,
сондай-ақ баланың ерте дамуы, нейропедагогика, қазіргі заманауи білім беру
технологиялары мен геронтология салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу бар.
Сонымен қатар, Абай университеті егде жастағы адамдармен жұмыс істеуге
бағытталған Silver Agri Age және Silver Agri Care жобаларына да қызығушылық
танытып отыр.
Абай университетінің ресми
делегациясы орталықтың практикалық инфрақұрылымымен танысып, «Лидия Чели»
атындағы бөбекжайды, балабақша мен бастауыш мектепті аралады. Болат Анапияұлы
университеттің Италияға ұзақмерзімді академиялық серіктестік орнату үшін
келгенін, ал халықаралық сараптама мен ғылыми зерттеулердің синергиясы
ғалымдар, студенттер және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап
өтті.
Бұл сапар – Абай университеті
делегациясының Еуропадағы академиялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған
ауқымды жұмыс сапарының бір бөлігі. Сапар аясында Италияның жетекші серіктес
жоғары оқу орындары Sapienza, UniCamillus және LUISS университеттерімен
кездесулер өткізу де жоспарланған.
«Abai University» медиа орталығы