23.06.2026
ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ
Бүгін Абай
университетінің Жаратылыстану және география факультетінің «Химия және
биология» мамандығын 1976 жылы тәмамдаған түлектердің алтын ұядағы кездесуі
өтті. Жарты ғасыр бұрын білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қаққан
түлектер қара шаңыраққа қайта оралып, жастық шақтың жарқын күндері мен
студенттік өмірдің ұмытылмас естеліктерін еске алды. Мерейлі басқосуда білім
ордасына деген құрметін білдіріп, университеттің Түлектер қауымдастығына мүше
болып, оқу орнына сыйлықтарын табыстады.
Елу жыл бұрын
түлеп ұшқан түлектер арасында «Үздік педагог» атағының иегерлері, білім беру
ісінің құрметті қызметкерлері және ардагерлері, профессорлар, ғылым саласының
көрнекті өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен
азаматтар бар. Бүгін олар қара шаңырақ Абай университетіне келіп, үлкен өмір
жолының бастауына қайта оралды.
Мерекелік жиынға Жаратылыстану
және география факультеті деканының әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Серік Бакиров, Жаратылыстану және география факультетінің ардагерлер кеңесінің
төрағасы Талғат Увалиев, Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров,
Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің Бас маманы Нұрмахан Әуеспекұлы
қатысты.
Кездесу барысында Түлектер
қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров түлектерге ізгі тілегін білдіріп,
Түлектер қауымдастығының мүшелік сертификаттарын табыстады. Қауымдастықтың
қызметі, негізгі бағыттары мен түлектер арасындағы байланысты нығайтуға
бағытталған бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ «Abai Endowment Fund»
корпоративтік қорының қызметі мен алдағы мақсат-міндеттері туралы жан-жақты
баяндады.
Түлектер атынан
сөз алған Ұлттық тестілеу орталығында ұзақ жылдар бас маман қызметін атқарып,
бүгінде зейнет демалысындағы ардагер Сәуле Булдыбаева студенттік жылдардағы
ұстаздарын еске алды.
– Бізге дәріс
берген ұстаздарымыздың адамгершіліктері мен болмыстары өмір жолымызда үлгі
болды. Олар студенттеріне тек білім беріп қана қоймай, әрбірімізге қолдау
көрсетіп, үлкен өмірге бағыт-бағдар берді. Осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім
алғанымызды мақтан тұтамыз. Бүгін қара шаңыраққа қайта оралып, студенттік
шағымызды еске алу – біз үшін үлкен қуаныш. Абай университетінде білім алғанымызды
әрдайым мақтан етеміз және бізге сапалы білім мен тағылымды тәрбие берген оқу
ордасына шынайы алғысымыз шексіз, – деді Сәуле Балабекқызы.
Сонымен қатар педагогика
ғылымдарының докторы, профессор, бүгінде университеттің Педагогика және
психология факультетінде қызмет атқаратын ардагер Қадиша Шалғынбаева студенттік
шақтың естеліктерімен бөлісті.
– Біз білім алған
жылдар – өміріміздің ең жарқын кезеңдерінің бірі. Абай университеті бізге тек
кәсіби білім беріп қана қоймай, өмірлік ұстаным қалыптастырды. Осы қара
шаңырақтан алған тәлім-тәрбие мен білімнің арқасында әрқайсымыз өз саламызда
еңбек етіп, белгілі бір жетістіктерге жеттік. Маған тағдырдың жазуымен өзім
білім алған оқу орнында қызмет ету бақыты бұйырды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе
әрі жауапкершілік. Өзім осы университеттің түлегі екенімді әрдайым мақтан
тұтамын және білім ордасының өсіп-өркендей беруіне тілектеспін, – деді Қадиша
Қадырқызы.
Түлектер Жаратылыстану
және география факультетіне алғыс ретінде сый-сияпаттарын тарту етті. Кездесу
барысында университет қабырғасындағы қызықты сәттер, студенттік шақтың жарқын
естеліктері мен достыққа толы күндер туралы әсерлі әңгімелер өрбіді.
«Abai University»
медиа орталығы