АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ҮЗДІК ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Қазақстан ғылымы үшін қуанышты жаңалықтардың бірі – Абай университетінің ғалымдары еліміздің ең көп дәйексөзделетін зерттеушілерінің қатарына енуі болды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында халықаралық Web of Science және Scopus ғылыми дерекқорларында жарияланған еңбектердің дәйексөзделу көрсеткіштері бойынша Абай университетінің бірқатар ғалымы Қазақстанның ең ықпалды зерттеушілерінің тізімінен орын алды.

Аталған рейтингте Абай университетінің бірнеше ғалымы түрлі ғылыми бағыттар бойынша үздіктер қатарынан орын алды. Атап айтқанда, Педагогикалық ғылымдар (Education) бағыты бойынша Ольга Тапалова, Надежда Жиенбаева және Ұлжарқын Абдигапбарова жоғары нәтижелерімен ерекшеленді.

Сонымен қатар Компьютерлік және ақпараттық ғылымдар (Computer and Information Sciences) бағыты бойынша Күлпаш Искакова рейтингке енсе, Химия ғылымдары (Chemical Sciences) саласында Тоқтарбай  Жексенбек Қазақстанның ең ықпалды зерттеушілерінің қатарынан көрінді.

Ғалымдардың бұл жетістігі олардың зерттеу жұмыстарының жоғары сапасын ғана емес, халықаралық ғылыми ортадағы сұранысын да айқын көрсетеді. Ғылыми мақалалардың дәйексөзделу деңгейі зерттеу нәтижелерінің өзектілігі мен практикалық маңызын бағалайтын маңызды көрсеткіштердің бірі саналады.

Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген рейтинг Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми дерекқорларында индекстелген жарияланымдардың дәйексөзделу көрсеткіштері негізінде жасалған. Тізімге ғылыми еңбектері халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан сұранысқа ие болған Қазақстанның 200 зерттеушісі енді.

Абай университеті ғалымдарының бұл рейтингтен орын алуы олардың ғылыми зерттеулерінің өзектілігі мен нәтижелерінің халықаралық деңгейде танылып отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ бұл көрсеткіш университетте жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын және ғалымдардың әлемдік ғылыми үдеріске белсенді қатысуын айғақтайды.

Соңғы жылдары университетте ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыруға, халықаралық зерттеу жобаларын дамытуға және шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Беделді рейтингке енген ғалымдардың жетістігі осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі саналады.

 «Abai University» медиа орталығы