22.06.2026
ЖАС АҚЫНДАР ОРТАЛЫҒЫ – ЖЕҢІМПАЗДАР ҰСТАХАНАСЫ
Өткен аптада оңтүстік астанада өткен «Алматы – арман қаласы» атты мүшәйрада Абай университетінің Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының өкілдері топ жарып, жүлделі орындарды иеленді. Аталған орталық жетекшісі де республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Бұл – оқу орнындағы шығармашыл жастардың талантын танытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Талантын ашамын деген талапкер жастарға деген үлкен мүмкіндік.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған жыр мүшәйрасы дарынды буынның өрісін кеңейтуге, сөз өнерінің қадірін ұғындыруға және жаңа есімдерді әдеби ортаға танытуға бағытталған. «Жастар әдебиеті» жобасы аясында өткен «Жас ақын» додасы биыл ерекше ауқымдылығымен көзге түсті. Өлең өрнегі мен мазмұн салмағына басымдық берілген сайысқа 14-35 жас аралығындағы 100-ден астам талапкер қатысып, «Алматы – арман қаласы» тақырыбымен қатар еркін тақырыпта да өз туындыларын ұсынды. Үміткерлердің шығармалары көркемдік ізденіс, тілдік өрнек және образ жасау шеберлігі тұрғысынан да жан-жақты бағаланды.
Әдебиет пен өнер саласының белгілі өкілдерінен құралған қазылар алқасы әрбір жұмысты жеке талдап, өлеңнің құрылымы, ой тереңдігі мен поэтикалық шешімдеріне айрықша назар аударды. Сайыс қорытындысы бойынша, қара шаңырақтың студенттері Шәміл Несіпбай жүлделі ІІ орынға ие болып, 400 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болса, Балқыбек Абзал ІІІ орынды қанжығасына байлап, 200 000 теңгелік жүлдені ұтып алды.
Айта кетейік, жас жүйріктерді бәйгеге қосқан тәлімгері, Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының жетекшісі Айтуған Жетебаев та республикалық байқауларда топ жарып келеді. Мәселен, өткен аптада Абай облысы Ақсуат ауданында ұйымдастырылған «Алашқа тұлға болған – Тана мырза» атты республикалық жыр мүшәйрасында І орынды жеңіп алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам үміткер қатысқан байқауда суырылып шыққан Айтуған Сабырұлы 550 000 теңгелік жүлдемен марапатталды.
Жалпы, университет қабырғасындағы ақындар орталығының жүйелі жұмысы мен рухани орта қалыптастырудағы ықпалы айрықша. Мұнда талапкерлер өлең жазу машығын меңгерумен қатар, ұлттық сөз өнерінің мәйегін бойына сіңіріп, әдеби талғамын қалыптастырады. Бүгінгі таңда университет шәкірттері түрлі әдеби байқаулар мен мүшәйраларда тұрақты түрде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, шығармашылық ізденіс пен рухани дамудың сабақтастығын айқын көрсетіп келеді.
Бұл қасиетті қара шаңырақты таңдаған талапкер жастардың әдебиет әлемі мен рухани құндылық өресінен табылуға жасалатын асқаралы биіктік екенін сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы