«ХИМИЯ» МАМАНДЫҒЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІ КЕЗДЕСТІ

Бүгін Абай университетінде Жаратылыстану және география факультетінің «Химия» мамандығы түлектерінің кездесуі өтті. Сонау 1986 жылы қара шаңырақтан түлеп ұшқан азаматтар 40 жылдық мерейтойға жиналды. Жастық шақтың куәсі болған ару Алматыға, жоғары білім алған университетке сағынышпен оралып, студенттік шақтың жарқын естеліктерін еске алды. Оқу орнының бүгінгі жетістіктерін танысып, өркендей беруіне ізгі тілектерін білдірді.

Олар өткен ғасырдың 80-жылдары өңір-өңірден ел астанасына келіп, сол кездегі Абай атындағы Қазақ педегогикалық институтын имене аттаған болатын. Қазақ білім-ғылымының қара шаңырағында профессор-ғалымдардан дәріс тыңдап, зертханалық дағдыларды меңгеріп, жоғары білімді маман болып шықты. Республиканың әртүрлі өңіріне бағытталған жолдамалар алып, еңбек жолына қадам басты. Содан бері зулап өткен 40 жылда бірі – тәжірибелі педагог, енді бірі – ғалым, тіпті өндіріс пен мемлекеттік қызметте абыройлы жұмыс істейтін азаматтарға айналды. Өмірдің жайдары да құбылмалы да кездерін бастан өткеріп, бүгін жоғары білім алған мекенге қайта оралды. Жалынды жастық шақтың жарқын естеліктерін еске алып, достық сағынышын басты.

Мерейтойлық кездесу жиынында Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерейлі кездесумен құттықтады.

– Құрметті түлектер! Сіздерді Абай университетінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгінде әрқайсыңыз еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз – университетіміздің де мерейі. Осындай кездесулер түлектер арасындағы байланысты нығайтып, білім ордасымен сабақтастықты жалғастыра түседі, – деді Болатбек Нұрбатыров.

Сонымен қатар мерейтойлық басқосуға арнайы келген түлектерді Түлектер қауымдастығының қатарына қабылдап, оларға мүшелік сертификаттарын салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ «Abai Endowment Fund» корпоративтік қорының қызметі мен алдағы мақсат-міндеттері туралы баяндалды. Аталған қор университеттің материалдық-техникалық базаны нығайтуға, талантты студенттерді қолдауға және ғылыми жобаларды дамытуға бағытталған бастамалары таныстырылды. Түлектер Эндаумент қорды қолдауға және көмек көрсетуге ниеттестігін жеткізді.

Кездесуде химия мамандары студенттік жылдардан сыр шертіп, ұстаздарын еске алып, білім алған аудиторияларын аралады. Университет қабырғасында өткен қызықты сәттер, ғылыми ізденістер мен достыққа толы шуақты күндер туралы естеліктер айтылып, әсерлі әңгіме өрбітті.

«Abai University» медиа орталығы