19.06.2026
УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ МЕКТЕП КӨШБАСШЫЛАРЫН ДАЯРЛАУ ТӘЖІРИБЕСІН ЗЕРТТЕДІ
Абай университетінің ғалымдары мектеп көшбасшыларын даярлау тәжірибесін зерттеу мақсатында Англияның Кроли қаласындағы Ifield Community College-не барды. Арнайы іс-сапар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылып, шетелдік тәжірибелер сарапталды.
Университет ғалымдары Педагогика кафедрасының меңгерушісі, профессор Шолпан Колумбаева және Ғылым департаментінің директоры, профессор Марфуға Абсатова 9-14 маусым аралығында Англияның Кролия қаласына сапарлап, Ifield Community College-нің өкілдерімен кездесті. Мекеме директорының орынбасары доктор Томас Харриот мектеп директорларын даярлауға арналған NPQH (National Professional Qualification for Headship) ұлттық бағдарламасын таныстырды. Шетелдік ғалымның айтуынша, аталмыш жоба 18 айға есептелген, NPQ (ұлттық кәсіби біліктіліктер) жүйесінің құрамына кіреді және мемлекеттік мектеп қызметкерлері үшін үкімет тарапынан толық қаржыландырылады.
Колледж базасында зерттеушілер математика, ағылшын тілі, тарих, дінтану, жаратылыстану ғылымдары және басқа да пәндер бойынша сабақтарға қатысты. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау және даярлау үдерісіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық жобасы аясында колледждің білім беру ісіндегі жаңашылдықтары мен әдістемелері ескерілді. Мекеменің оқыту процесіндегі «Өңірлік жағдаяттарға бейімдеу» пәні білім алушылардың тұрмыстық қажеттілікке байланысты дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ жоғары оқу орнында оқытылатын пәндер колледждің академиялық бағдарламасына енгізіліп, оқыту үдерісін жеңілдетеді.
Айта кетейік, Ifield Community College – Англияның Кроули қаласында орналасқан мемлекеттік орта мектеп. Білім беру сапасы мен көшбасшылықты дамыту тәжірибесімен танылған оқу орны оқушыларға жан-жақты білім беру және тұлғалық дамуды қолдауға бағытталған.
«Abai University» медиа орталығы