18.06.2026
СӨЗ ӨНЕРІН МЕҢГЕРЕМІН ДЕСЕҢ – ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ СЕН ҮШІН!
Әлемдік өркениеттің ілгерілеуіне,
адамзат баласының рухани кемелденуіне тіл мен әдебиеттің тигізер септігі орасан
екені сөзсіз. Қоғамдық дамудың әрбір белесінде жазба мәдениет пен сөз өнері
адам санасының жаңғыруына ықпал етіп, ұлттың болмысын айқындады. Ғасырлар бойы
жинақталған алтын қазынаны сақтап, келер ұрпаққа аманаттау ісінде гуманитарлық
ғылымдар саласының, соның ішінде сөзтаным бағытының атқарар міндеті өлшеусіз.
Абай университетінің Филология
факультеті – заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, жан-жақты маман
тәрбиелейтін іргелі білім ордасы. Мұндағы мамандықтардың құрылымы талапкерлерге
кең ауқымды мүмкіндіктер ұсынады. Мәселен, биылғы оқу жылында «Қазақ тілі
мен әдебиеті» бағытына ҰБТ-дан 95 балл, «Орыс тілі мен әдебиеті»
және өзге ұлт өкілдеріне арналған сыныптарға сабақ беретін ұстаздарды даярлау
бағдарламасына – 80 балл, ал «Филология» мамандығына 75 балл
жинаған үміткерлер қабылданады.
Факультеттің білім беру үдерісі халықаралық
стандарттарға негізделген. Тәжірибелі оқытушы-профессорлық құрам, заманауи
инновациялық әдістемелер және жастарды ерте жастан зерттеу жұмыстарына тарту –
студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдаудың басты кепілі. Сонымен қатар халықаралық
байланыстарды дамыту, ғылыми конференцияларға қатысу, академиялық ұтқырлық
аясында шетелдік орталықтарда тағылымдамадан өту – студенттердің таным
көкжиегін кеңейтетін мүмкіндіктердің бірі.
Филология факультетінде
студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Әдеби
үйірмелер, дебат клубтары, поэзия кештері мен ғылыми семинарлар – білім
алушылардың еркін ойлауын, сөз мәдениетін және көпшілік алдында сөйлеу
қабілетін жетілдіруге бағытталған. Шәкірттер мұнда тілдік құрылымды зерттеу, әдеби
туындыларды сыни тұрғыдан зерделеу, лингвистикалық талдау жүргізу және тарихи
жәдігерлер мен қолжазбаларды зерттеу дағдыларын меңгереді.
Ақпараттық кеңістіктің кеңеюі,
медиа саласының дамуы, цифрлық коммуникациялардың күшеюі – тіл мамандарына
деген сұранысты жаңа деңгейге көтерді. Осы тұрғыдан алғанда, факультет
түлектері тек білім беру саласында ғана емес, баспасөз, редакция, аударма, және
медиа бағыттарында да бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады. Мұнда болашақ
мамандар тек біліммен қаруланып қана қоймай, жауапкершілік, ұлттық құндылықтарға
деген құрмет секілді қасиеттерді де қалыптастырады. Себебі сөз өнері – тек
ғылым емес, ол – руханияттың өзегі, ұлттың айнасы.
Бұл шаңырақтан түлеп ұшқан әрбір
жас маман білім мен мәдениетті ұштастыра отырып, қоғамның дамуына өз үлесін
қосады. Олар үшін сөз – жай құрал емес, ойды жеткізетін, қоғамды өзгертетін
қуатты күш.
«Abai University» медиа орталығы