АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ QS ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙТИНГІНДЕ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Бүгін «QS World University Rankings – 2027» халықаралық рейтинг қорытындысы жарияланып, Абай университеті әлемдік үздік 700 жоғары оқу орнының қатарында 634-орынға тұрақтады. Отандық жоғары оқу орындары арасында айтарлықтай оң динамика көрсеткен университет Қазақстан бойынша 4-ші орынды иеленді. Сонымен қатар оқу орны «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткішін айтарлықтай жақсартып, әлемдегі ТОП-400 университеттің қатарынан көрінді.


Биылғы жаһандық рейтингте әлем бойынша 8808 университет бағаланып, оның ішінде тек 106 елдің 1504 жоғары оқу орны ғана қорытынды тізімге жолдама алды. Қазақстаннан бұл додаға 18 университет ұсынылғанымен, халықаралық көрсеткіштер мен талаптардың өзгеруіне байланысты олардың тек алтауы ғана өз позицияларын сақтап қалды. Белсенді бәсекелестік жағдайында Абай университетінің жоғары өсім көрсетуі – оқу орнының стратегиялық даму жоспарының тиімділігін, академиялық ортаның жоғары сапасын және халықаралық деңгейдегі танымалдылығының үздіксіз артып келе жатқанын айқын көрсетеді.


QS халықаралық рейтинг агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбов биылғы нәтижелерді саралай отырып, жаһандық рейтингте академиялық бедел мен жұмыс берушілер тарапынан берілетін бағаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:


– Жаңа рейтингтегі «Академиялық бедел» және «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіштерінің динамикасы ерекше назар аударуды талап етеді. Қазақстандық жоғары оқу орындарының тек үшеуі ғана «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша өткен жылғы нәтижелерін жақсартты. Соның ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алғашқы 400 университеттің қатарына еніп, 395-орынды иеленді. Осы индикаторлар бойынша қалыптасқан үрдісті өзгерту – алдағы жылдары университеттердің рейтингтегі позицияларын жақсартудың маңызды факторы, – деді.


Абай университеті әлемдік жоғары білім беру жүйесіндегі трендтер мен өзгерістерге жылдам бейімделе отырып, тұрақты даму бағытын сенімді түрде ұстанып келеді. Еліміздің бас педагогикалық жоғары оқу орны өзінің бұл мәртебесін заманауи білім беру технологияларымен және халықаралық академиялық кеңістіктегі беделімен нығайтуды ары қарай да жалғастыра береді.


Естеріңізге сала кетейік, Абай университеті дәл қазір QS рейтингінде «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша әлемнің жоғары оқу орындары арасында 41 орынды иеленіп, Орта Азия мен Қазақстанның ішінде көшбасшы қара шаңыраққа айналды.

 

«Abai University» медиа орталығы