17.06.2026
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ӘЛ-АУҚАТТЫ НЫҒАЙТУҒА АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ ӨТТІ
Абай университетінде оқытушылардың
психологиялық саулығын қолдау, эмоционалдық жүктемелердің алдын алу мақсатында «Кәсіби
күйіп қалудың алдын алу және психологиялық әл-ауқатты нығайту» атты тәжірибелік
тренинг өтті. Жиынға оқытушы-профессорлар құрамы және университет қызметкерлері
қатысып, кәсіби ортадағы эмоционалдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған түрлі
практикалық тапсырмалар орындады.
Тренингті Педагогика және
психология факультетінің аға оқытушысы, п.ғ.м. Самал Сүлеймен жүргізіп, қатысушыларға
кәсіби күйіп қалу синдромының негізгі белгілері мен себептері, эмоционалдық
ресурстарды сақтау және қалпына келтіру жолдары туралы түсіндірді. Сондай-ақ
стрессті басқару, психологиялық төзімділікті дамыту және эмоционалдық
тепе-теңдікті сақтау бойынша практикалық әдістерді үйретті.
Интерактивті жаттығулар мен
командалық әрекеттерден тұратын тренингке қатысушылардың белсенділігі мен
қызығушылығын тудырды. Алғашқы бөлімде әлем халықтарының амандасу мәдениетін
танытатын бейнеролик көрсетіліп, әр елдің қарым-қатынас ерекшеліктері
талқыланды. Одан кейін зейін мен есте сақтау қабілетін дамытуға бағытталған
ойын ұйымдастырылып, топ мүшелерінің командалық әрекет ету дағдылары сарапталды.
«Көңіл-күйді көтеру» жаттығуы
қатысушыларға эмоционалдық серпіліс сыйласа, «Қиын жағдай – ортақ шешім»
кезеңінде өмірлік және қызметтік жағдаяттарды бірлесіп шешудің тиімді жолдары талқыланды.
Сондай-ақ топтық форматтағы практикалық жаттығулар қатысушылардың өзара сенімін
арттырып, шығармашылық бастамаларын қолдауға және командалық рухты нығайтуға
мүмкіндік берді.
Психологиялық тренирг аясында
Slido платформасы арқылы пікір алмасып, көпшілік тақырыпқа қатысты өз ойлары
мен ұсыныстарын білдірді. Әрбір жаттығу мен тапсырма орындау барысында күйзеліс
факторларын еңсеру, эмоционалдық тұрақтылықты нығайту, жеке тұлғалық
ресурстарды тиімді пайдалану және қолайлы рухани ахуал қалыптастыру әдістері
қарастырылды.
Іс-шараға қатысушылар практикумның
өзектілігін ерекше атап өтіп, күнделікті тәжірибеде қолдануға болатын пайдалы
тәжірибе мен дағдыларға ие болғанын жеткізді. Университет қызметкерлері мұндай тренинг
ұжымдық бірлікті арттырумен қатар, еңбек өнімділігін көтеруге, эмоционалдық
саулықты сақтауға және қолайлы орта қалыптастыруға оң ықпал ететінін атап өтті.
Абай университеті алдағы уақытта да білім беру үдерісіне қатысушылардың ментальді
саулығын қамтамасыз етуге және қолайлы ішкі орта қалыптастыруға бағытталған шараларды
жүйелі түрде жалғастыра береді.
«Abai University» медиа орталығы