17.06.2026
ТАРИХ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ БАС ҚОСТЫ
Бүгін Абай университеті Тарих
және құқық факультетінің 1981 жылғы түлектерінің мерейтойлық кездесуі өтті. 45
жыл бұрын білім алған қара шаңырағына қайта оралып, жастық шақ пен студенттік
кезеңнің жарқын сәттерін еске алды. Кездесуде университеттің Түлектер
қауымдастығына мүше болып, Abai Endowment Fund қорына қолдау білдірді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы
келген түлектер үшін бұл кездесу ерекше әсерге толы болды. Жарты ғасырға жуық
уақыт өтсе де, студенттік шақтың жарқын естеліктері түлектер санасында сайрап
тұр. Олардың қатарында мектеп директорлары, білім саласының ардагерлері, ғылым
мен өндіріс өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен азаматтар
бар. Бүгін университет қабырғасына қайта оралып, жастық шақтың естеліктерін
бірге еске алды.
Мерекелік жиында университеттің
Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов түлектерге ізгі тілегін
білдіріп, Түлектер қауымдастығының мүшелік сертификаттарын табыстады.
– Құрметті түлектер! Сіздерді Абай
университетінде, білім ордаларыңызда қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздер
университеттің қалыптасуы мен дамуына куә болған, оқу ордасының тарихында
өзіндік із қалдырған буынның өкілісіздер. Осындай кездесулер өткен мен бүгінді
жалғап, жас ұрпаққа өнеге болатын өмірлік тәжірибелерді дәріптеуге мүмкіндік
береді, – деді проректор.
Кездесу барысында түлектер
студенттік жылдардың жарқын естеліктерімен бөлісіп, дәріс берген ұстаздарын
еске алды. Дәріс өтетін аудиторияларды, студенттік жатақхананы аралап көрді. Университет
қабырғасындағы қызықты оқиғалар, достыққа толы күндер туралы естеліктер
айтылып, әсерлі әңгіме өрбітті.
Абай университеті Түлектер
қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров сөз сөйлеп, мерейтойлық кездесуге
жиналған түлектерді құттықтады. Ол қауымдастықтың қызметі, негізгі бағыттары
мен түлектер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бастамаларын
таныстырды. Сонымен қатар, «Abai Endowment Fund» корпоративтік қорының атқарған
жұмыстары мен жоспарын баяндады. Қордың білім беру сапасын арттыруға, талантты
жастарды қолдауға және ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға бағытталған
бастамаларына ерекше назар аударылды. Өз кезегінде түлектер қор қызметіне
қолдау білдіріп, оның игі мақсаттарына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Түлектер университеттің қазіргі
тыныс-тіршілігімен танысып, жылы лебіздерін жеткізді. Қазақ білім-ғылымының
қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
өркендей беруіне тілектестік білдірді.
«Abai University» медиа орталығы