17.06.2026
ҒЫЛЫМДЫ ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАНЫТУ ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Абай университетінде халықаралық «IES Research» және «Mikro Information» компанияларының өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға университеттің ғылыми құрылым басшылары мен қызметкерлері және «Абай атындағы ҚазҰПУ хабаршысы» журналының сериялық редакторлары қатысып, отандық ғылыми ашылуларды халықаралық деңгейде таныту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде шетелдік қонақтарға
Абай университетінің тарихы, ғылыми-зерттеу қызметі, халықаралық ынтымақтастық
әлеуеті мен қол жеткізген негізгі жетістіктері туралы баяндалды. Өз кезегінде «IES
Research» компаниясының бас директоры Вой Фу Ванг университеттің ғылыми бағытын
дамытуға арналған стратегиялық шолуын ұсынды. Жоғары оқу орнының ғылыми зерттеу
нәтижелерін жаһандық ғылыми ортада мойындату, зерттеулердің танымалдылығын
арттыру мәселелеріне баса назар аударды.
Жиынның негізгі мақсаты –
университеттің ғылыми жетістіктерін тек ғылыми қауымдастық арасында ғана емес, қоғамдық
ортаға да кеңінен жеткізу. Күрделі академиялық зерттеулерді көпшілікке түсінікті
цифрлық ақпаратқа, заманауи баспасөз мәлімдемелері мен бейнематериалдарға
айналдыру мәселелері қозғалды. Мәселен жаңаша зерттеу жұмысының ғылыми ықпалын
арттыру үшін түрлі стратегиялық арналар арқылы тарату жолдары да қарастырылды.
Шетелдік сарапшылардың айтуынша,
таңдалған зерттеу нәтижелерін халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына
лайықтап дайындау, университет атынан медиа-науқандар жүргізу ғылымның ел
арасында кеңінен насихатталуына үлкен септігін тигізеді. Бұл ретте ғылыми
жаңалықтардың халыққа дер кезінде және түсінікті тілде жетуі үшін қазіргі
трендтер мен заманауи медиа құралдарды ұтымды пайдалану қажеттілігі сөз болды.
Абай университетінің ғылыми
әлеуетін әлемдік деңгейде жаңа белеске көтеру және ғалымдардың тың жобаларын
жаһандық аренада тиімді ілгерілету мақсатында тараптар ынтымақтастық
мәселелерін талқылады. Жиын аясында қос тарап халықаралық медиа-коммуникацияны
дамыту бойынша өзара пікір алмасып, серіктестік орнату мүмкіндіктерін
қарастырды.
«Abai University» медиа орталығы