«ҰСТАЗЫНА» «ШӘКІРТІНЕН» СТУДЕНТТЕР СӘЛЕМ БЕРЕ КЕЛДІ

Абай университетіне «Үздік GPA – Үлкен Мүмкіндік: Shakarim – Abai білім көпірі» жобасы аясында Семейдің Шәкәрім университетінен үздік студенттер қонаққа келді. Семейлік студенттерді біздің белсенді жастар керемет көңіл-күймен қарсы алып, қазақы дәстүрмен қонақжайлық танытты. Сапар аясында шәкірттер еліміздің ғылым, білім және мәдениет орталығы саналатын Алматы қаласымен және оның көрікті жерлерімен танысады.


Бұл іс-шара – екі «туысқан» жоғары оқу орны арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтудың, аймақаралық байланысты арттырудың және академиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерудің жарқын үлгісі. Орта Азия мен Қазақстандағы педагогикалық көшбасшы қара шаңырақ, Қазақстан университеттерінің «атасы» – Абай университеті студенттерінің тыныс-тіршілігін аймаққа таныстыруды мақсат етеді. Жоба білім алушылардың тарихи-мәдени танымын кеңейтуді, экологиялық мәдениетін қалыптастыруды және отансүйгіштік сезімін арттыруды көздейді. Алматы мен Семей жастарының басын қосқан жоба студенттердің еркін араласып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.


Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша студенттер өз үлесін қоспақ. Қаладағы саябақтар мен демалыс аймақтарында іс-шаралар өткізіп, табиғатты аялаудың мән-маңызын түсіндіреді. Сондай-ақ жастар әр күнді сергек бастау мақсатында таңғы жаттығулар жасап, салауатты өмір салтын белсенді насихаттайды.


Жоспар бойынша Шәкәрім университетінің студенттері Алматы қаласының көрнекі жерлері мен табиғи нысандарын аралайды. Олар Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне барып, ел тарихымен және «Алтын адам» символикасымен танысады. Онымен қоса Орталық мемлекеттік музейдегі археологиялық, этнографиялық жәдігерлерді көріп, Орталық Азиядағы заманауи өнерді дәріптейтін ірі мәдениет ошағы – «Almaty Museum of Arts» музейін тамашалайды.


Сонымен қатар Алматы облысының ерекше табиғи нысандарына бару да жоспарланған. Қатысушылар Шарын шатқалында жаяу серуендеп, су астындағы шыршаларымен танымал Қайыңды көліне және Көлсай көлдеріне саяхаттайды. Жалпы алғанда аталмыш жоба 15-18 маусым аралығында жүзеге асырылады.


Ұлы Хәкім Абайды ұстаз тұтқан ойшыл Шәкәрімнің есімі берілген университеттен келген жастар үшін білім мен тәрбие, тарих пен тағылым тоғысқан бұл қызықты бағдарлама студенттерге жаңа тәжірибе мен ұмытылмас жарқын әсерлер сыйлайтыны сөзсіз.

 

«Abai University» медиа орталығы