ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ МЕН ЖАҺАНДЫҚ МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ

Бүгінде әлем елдері арасындағы байланыс күшейіп, халықаралық қатынастар жаңаша деңгейге көтерілді. Бұл салада бірнеше тілді еркін меңгерген, сыни ойлайтын, бәсекеге қабілетті мамандарға деген қажеттілік күннен-күнге арттырып жатыр. Абай университетіндегі Сорбонна-Қазақстан институты мен Лотарингия университетінің филиалы аталған бағытта сұранысқа сай маман даярлап келеді.


Бұл – қазақстандық білім беру дәстүрін еуропалық озық стандарттарға сәйкестендіріп, студенттердің кәсіби біліктілігін жаһандық деңгейге көтеретін бірегей интеллектуалдық орталық. Бір ғимаратта шоғырланған екі іргелі білім алаңы студенттерге шекарасыз мүмкіндіктер есігін ашады. Оқу бағдарламасы толығымен еуропалық сапа талаптарына сай құрылған.


Сорбонна-Қазақстан институтының басты артықшылығы – дәрістердің басым бөлігін Францияның жетекші университеттерінен келген профессорлар мен ғылым докторларының жүргізуі. Бұл жастардың өз саласындағы халықаралық тәжірибені меңгеруге және кәсіби көкжиегін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы студенттер Францияның ең үздік жоғары оқу орындарында білімін одан әрі жалғастырып, қос диплом иегері атануына мүмкіндік бар.  


Институт талапкерлердің бейімділігі мен қабілетіне сай бірнеше мамандықтарды ұсынады. Оның ішінде «Халықаралық қатынастар және дипломатия», «Менеджмент және басқару», «Аудит және салық салу», «Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі», сондай-ақ «Маркетинг және жарнама» бағыттарына ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 80 балл болуы керек. Ал «Құқық» мамандығына – 75 балл, «Мемлекеттік аудит» бағдарламасына – 70 балл жеткілікті. Көрсетілген шекті балл арқылы талапкерлер мемлекеттік грант конкурсына немесе ақылы бөлімде оқуға құжаттарын тапсыра алады.


Лотарингия филиалындағы бағдарламалар тілдік және халықаралық деңгейде ерекшеленеді. Мұнда «Француз тілі мұғалімдерін даярлау» мамандығына тапсыру үшін кемінде 90 балл қажет. «Халықаралық қатынастар және адам құқықтары», «Менеджмент», «Қаржы және экономика», «Маркетинг», «Қонақ үй мен мейрамхана бизнесі» бағыттарына 80 балл, ал «Халықаралық құқық» мамандығына 75 балл сұралады.


Университет факультеті теориялық білім берумен қатар, студенттерге шетелдік сарапшылармен кездесіп, жаһандық бастамаларға қатысуға мүмкіндік береді. Білім алушылар еуропалық білім беру ұйымдары мен дипломатиялық өкілдіктерде тәжірибеден өтіп, кәсібилігін арттырады. Сорбонна-Қазақстан институты мен Лотарингия филиалы – әлемдік еңбек нарығында табысты қызмет жолына бастайтын мекен.

 

«Abai University» медиа орталығы