МЕНТОР-ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде «ЖОО-дағы менторингтің трансформациялық әлеуеті: тәжірибе, нәтижелер және перспективалар» тақырыбында ментор-зерттеушілердің қорытынды әдіснамалық семинары өтті. «Бір зерттеу – бір өзгеріс» ұранымен ұйымдастырылған басқосуда дипломдық жобалардың жаңа ғылыми-ізденіс мәдениеті таныстырылып, Action Research пен Lesson Study негізіндегі бастамалардың нәтижелері сараланды.


Алқалы жиынға университет басшылығы, декандар, ментор-зерттеушілер, ғылыми жетекшілер, профессор-оқытушылар және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Бағдарлама «Бір зерттеу – бір өзгеріс» постерлік көрмесімен басталды. Постерлік галереяда студенттердің жаңа бағыттағы дипломдық зерттеулері, ізденіс нәтижелері мен рефлексиялық материалдары ұсынылды. Әрбір зерттеуде педагогикалық мәселе, талдау сұрағы, кезеңдері, енгізілген интервенциялар және нақты нәтижелер жүйелі түрде көрсетілді.


Университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова семинарды ашып, жоғары білім беру жүйесінде ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.


– Қазіргі кезеңде дипломдық жұмыс тек қорытынды академиялық еңбек ретінде қарастырылмауы тиіс. Ол нақты педагогикалық мәселені анықтап, зерттеп, оны жетілдіруге бағытталған пәрменді тетікке айналуы қажет. Action Research пен Lesson Study тәсілдері болашақ мамандардың сараптамалық құзыреттерін қалыптастырып, білім беру тәжірибесін деректер негізінде жетілдіруге мүмкіндік береді. Университетте жүзеге асырылып жатқан ментор-зерттеушілер қозғалысы – осы бағыттағы маңызды академиялық бастамалардың бірі, – деді проректор.


Педагогикалық инновациялар және Action Research орталығының басшысы Айман Берікханова баяндамасында менторинг жүйесінің тың жобаларды енгізудегі рөлін нақтылап, жоғары білім берудегі өзекті мәселелерді көтерді. Студенттер диплом жұмысында тақырып табуға қиналуы – зерттеу дағдыларының әлі де болса жеткіліксіздігін көрсететінін алға тартты. Сонымен қатар, ғылыми жетекшінің де рөлі өзгеріп, студентке жол көрсететін, оның ізденісіне дем беретін кеңесшіге айналуы қажет.


Іс-шара барысында осы бағыттағы жұмыстардың мектеп деңгейіндегі нәтижелері де ұсынылды. Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №72 жалпы білім беретін мектептен педагогикалық тәжірибеден өткен студенттердің ғылыми ізденістері оқу үдерісінде қолданылып, нақты жетістіктерге қол жеткізуге сеп болғаны айтылды. Ұсынылған тәжірибелерді жүйелеу үшін жасанды интеллект негізіндегі «Пайдалы инсайттар» алаңы таныстырылды.


Мәжіліс соңында белсенді ментор-зерттеушілер марапатталып, ғылыми жетекшілердің еңбегі атап өтілді. Қорытынды жиынға қатысқан тараптар алдағы оқу жылына арналған ұсыныстарын білдіріп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен сүйемелдеудің нақты бағыттарын айқындады.


«Abai University» медиа орталығы