УНИВЕРСИТЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТҮРКИЯДА ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТУДЕ

Жаһандану дәуірінде жоғары білім мен ғылымның дамуы халықаралық тәжірибе алмасумен тығыз байланысты. Осы тұрғыда Абай университеті өз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға және әлемдік академиялық кеңістікке ықпалдасуына ерекше мән беріп келеді. Биылғы жылдың маусым айында университеттің жетекші мамандары Түркия Республикасындағы беделді жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтіп, заманауи ізденіс пен білім беру үдерістерінің озық үлгілерімен танысты.


Абай университетінің Инновацияларды дамыту және ғылыми кадрларды даярлау департаментінің директоры Гүлзада Баймбетова мен Ғылымиметрия және ғылыми басылымдар орталығының жетекшісі Санат Құмарбекұлы Ыстанбұл университеті базасында біліктілігін арттыруда. Бағдарлама ғылыми қызметті ұйымдастырудың тиімді үлгілерін меңгеруге бағытталған. Қатысушылар оқу орнындағы заманауи зертханалар жұмысымен және ғылыми жарияланымдарды әзірлеу тәжірибесімен танысып, өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Атап айтқанда, ғылыми жобаларды үйлестіру, басылым сапасын арттыру, жарияланым белсенділігін дамыту және шетелдік әріптестікті кеңейту мәселелері қарастырылды.


Кездесу барысында Ыстанбұл университетінің профессоры Суат Өзкоручуклу Абай университеті жанынан жарық көретін International Journal of Advanced Physics and Astronomy (IJAPA) журналының маңызын атап өтті. Ғалымның пікірінше, аталған басылым физика мен астрономия салаларындағы өзекті зерттеулерді жариялайтын, жаһандық деңгейде танымал ғылыми алаңға айналу әлеуетіне ие.


Сонымен қатар бағдарлама аясында университет құрамындағы зерттеу орталықтары мен зертханалардың қызметі талданып, жұмыс үдерістерін басқарудың заманауи тәсілдері зерделенді. Әсіресе ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізу, жобаларды коммерцияландыру және халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту бағыттары бойынша маңызды тәжірибе жинақталды.


Бұдан бөлек, Гүлзада Айтжанқызы Конья қаласындағы KTO Karatay University базасында өткен «World Educational Space: Innovative Experience and Pedagogical Leadership – 2» халықаралық конференциясына қатысып, «Цифрландыру дәуіріндегі жоғары білім мен ғылымның даму келешегі: ғалымдардың заманауи көзқарасы» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында ол цифрлық трансформация жағдайында университеттердің жаңа миссиясы мен білім интеграциясы үдерістерін жан-жақты талдады.


Шетелдік кәсіби тәжірибе мен академиялық байланыстар ғылыми қызмет сапасын арттыруға, зерттеу нәтижелерінің тиімділігін күшейтуге және басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар университеттің инновациялық әлеуетін нығайтып, халықаралық кеңістіктегі орнын айқындайды. Нәтижесінде, Абай университетінің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі артып, оның білім беру саласындағы позициясы нығая түспек.


«Abai University» медиа орталығы