11.06.2026
ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГ ПЕН ПСИХОЛОГ – СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚ
Бүгінгі
цифрлық дәуірде еңбек нарығы қаншалықты жылдам өзгерсе де, адам жанының
шипагерлері мен жаңа заман педагогтарына деген сұраныс ешқашан толастамайды.
Ұлттық мұра мен әлемдік білім беру трендтерін ұштастырған Педагогика-психология
факультеті – еліміздегі ең беделді әрі іргелі білім ошағы. Факультет
халықаралық ARWU рейтингі бойынша әлемдік ТОП-50 және ТОП-100 қатарына кіруге
бағыт алып, білім беру саласында жаһандық байланыстарды ұлғайтуды мақсат етеді.
Білім алушылар
еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие заманауи бағдарламалар бойынша бакалавриат,
магистратура және докторантура деңгейінде оқиды. Студенттердің алған білімін
тәжірибеде ұштастырып, оқу бітірген соң жұмысқа орналасуы үшін факультет
қаланың үздік мектептерімен, гимназияларымен, балабақшаларымен және
колледждерімен тығыз байланыс орнатқан.
Оқу орнының
материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай компьютерлермен,
интерактивті тақталармен және кітап қоры бай оқу залымен толық қамтамасыз
етілген. Студенттерге мектеп оқулықтары мен зерттеу еңбектерінің авторлары,
белгілі ғалымдар мен майталман ұстаздар дәріс береді. Ғылыми-зерттеу
жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы арқасында білімгерлердің жобалары
түрлі гранттарға ие болып, республикалық олимпиадаларда топ жарып келеді.
Факультет әрбір
студентке әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетіп, жайлы орта қалыптастырған. Үздік
оқитын студенттердің мемлекеттік грантқа ауысу мүмкіндігі бар, сондай-ақ
студенттердің әлеуметтік жағдайларына байланысты ректор гранттары мен оқу
төлемақысына жеңілдіктер тұрақты түрде жасалады. Күндізгі бөлімде оқитын
400-ден астам студент жатақханамен қамтамасыз етіледі. Студенттік өмірді
қызықты әрі мәнді ету мақсатында «Тыныс» студенттік деканаты, «Мейірім» қайырымдылық
клубы, «Қуыршақ» клубы, «Лидер» пікір-сайыс клубы және «Diamond» қыздар би
клубы сияқты жастар ұйымдары белсенді жұмыс істейді.
Бакавлавр
деңгейінде білім алу үшін «Биология» мен «География» пәндер комбинациясын
таңдаған талапкерлерге мамандық таңдаудың даңғыл жолы ашылады. Ұлттық бірыңғай
тестілеуден 80 баллдан жоғары жинағандар «Психология», «Бастауыш білім»,
«Арнайы педагогика», «Эргопедагогика», және «Ерте қолдау педагогикасы»
мамандықтарына құжаттарын тапсыра алады. Демек, ҰБТ баллы 80-нен кем болмаған талапкерге
мемлекеттік грант конкурсына қатысуға және ақылы негізде оқуға мүмкіндік
беріледі.
«Мектепке дейінгі
білім беру» және «Әлеуметтік педагогика» мамандықтарына құжат тапсыру үшін ҰБТ
қорытындысында кемі 75 балл болуы керек. Ал, «Практик психологтарды даярлау»
білім беру бағдарламасын таңдаған талапкер кемінде 65 балл жинаса жеткілікті.
Өз кәсібінің шыңына шыққысы келетін әрбір жас үшін Педагогика-психология
факультеті – терең білімнің, шынайы қолдау және табысты кәсіби болашақтың
кепілі.
«Abai University» медиа орталығы