10.06.2026
45 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕР КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінің
Математика, физика және информатика факультетін 45 жыл бұрын тәмамдаған
түлектердің тағылымды кездесуі өтті. 1981 жылы бітірген түлектер қара шаңырақ білім
ордасына сағынышпен оралып, студенттік шақтың ыстық естеліктерін еске алды.
Университеттің Түлектер қауымдастығына қосылып, «Abai Endowment Fund» қорына
қолдау көрсетті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы
келген түлектер үшін бұл кездесу ерекше әсерге толы болды. Арада қырық бес жыл
өтсе де, студенттік шақтың жарқын сәттері олардың жүрегінде сол күйінде
сақталған. Бірі – мектеп директоры, бірі – білім беру саласының ардагері, енді
бірі – ғылым мен өндірісте, мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп жүрген
азаматтар. Бүгін қара шаңырағына қайта оралып, жастық шақтың естеліктерін
жаңғыртты.
Математика, физика және информатика
факультетінің деканы Шерипидин Хамраев іс-шараны ашып, түлектерді мерекесімен
құттықтады.
– Құрметті түлектер! Сіздерді Абай
университетінде көргеніме ерекше қуаныштымын. Сіздер осы оқу ордасының
тарихында өзіндік із қалдырған буынның өкілісіздер. Бүгінде әрбіріңіз еліміздің
түрлі өңірінде абыройлы еңбек етіп, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып
келесіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз – университетіміздің жетістігі. Осындай
тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, білім мен тәрбиенің
мәңгілік құндылық екенін айқындай түседі, – деді факультет деканы.
Кездесу барысында түлектер
студенттік жылдардан сыр шертіп, ұстаздарын еске алып, білім алған
аудиторияларын аралады. Университет қабырғасында өткен қызықты сәттер, ғылыми
ізденістер мен достыққа толы күндер туралы естеліктер айтылып, әсерлі әңгіме
өрбітті.
Жиында Түлектер қауымдастығының
жетекшісі Болатбек Нұрбатыров мерейтойлық кездесуге арнайы келген түлектерді
қауымдастық қатарына қабылдап, оларға мүшелік сертификаттарын салтанатты түрде
табыстады. Сонымен қатар «Abai Endowment Fund» корпоративтік қорының қызметі
мен алдағы мақсат-міндеттері туралы жан-жақты баяндады. Аталған қордың оқу
орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, талантты студенттерді
қолдауға және ғылыми жобаларды дамытуға бағытталған бастамалары таныстырылды. Түлектер Эндаумент қорды қолдауға және көмек
көрсетуге ниеттестігін жеткізді.
Тағылымға толы кездесу әсерлі
естеліктермен, ізгі тілектермен жалғасты. Қырық бес жылдан кейін қайта қауышқан
түлектер студенттік шағы өткен қасиетті білім ордасына алғысын білдіріп,
университет ұжымына табыс тіледі.
«Abai University» медиа орталығы