ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АККРЕДИТАЦИЯ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Бүгін Абай университетінде Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (IAAR) халықаралық бағдарламалық аккредитациясы басталды. Оқу орнының білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бастама аясында сарапшылық комиссия университет басшылығымен кездесулер өткізіп, стратегиялық даму басымдықтарын, басқару жүйесі мен институционалдық трансформация мәселелерін талқылады.


Жиында білім ордасының стратегиялық мақсаттары, басқару жүйесі және институционалдық жаңару үдерісі жан-жақты сараланды. Комиссия мүшелері академиялық қызмет, ғылым, интернационализация және цифрландыру салаларына жетекшілік ететін проректорлармен сұхбаттасты. Сонымен қатар университеттің оқу және ғылыми инфрақұрылымымен танысып, білім беру үдерісін қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың жұмысын зерделеді.


Аталған халықаралық бағдарламалық аккредитация аясында жаратылыстану-математикалық, педагогикалық, тілдік, әлеуметтік ғылымдар және туризм бағыттарын қамтитын бірқатар ІР білім беру бағдарламалары кешенді сараптаудан өтті. Бағдарламалардың білім беру сапасы, оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуі, ғылыми-зерттеу әлеуеті және еңбек нарығы талаптарына сәйкестігі жан-жақты бағаланды.


Аккредитация шеңберінде сыртқы сарапшылар университеттің басқару және академиялық жүйесінің барлық деңгейімен кезең-кезеңімен жұмыс жүргізді. Кездесу барысында құрылымдық бөлімшелердің басшылары білім беру сапасын қамтамасыз ету тетіктері, академиялық процестерді ұйымдастыру, студенттерге қызмет көрсету жүйесі, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, халықаралық байланыстарды кеңейту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және ішкі басқару тиімділігіне қатысты негізгі бағыттарды таныстырды.


Сондай-ақ студенттермен өткен сұхбаттар барысында олардың оқу үдерісіне қатысты тәжірибесі мен пікірлері тыңдалды. Студенттер білім беру ортасының сапасы, оқу бағдарламаларының практикалық бағыты, академиялық қолдау жүйесі және халықаралық талаптарға сәйкестігі жөнінде өз көзқарастарын білдірді. Сұхбат барысында түлектердің кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы бағдарламалардың рөлі де атап өтілді.


Аккредитация 12 маусымға дейін жалғасады. Бұл кезеңде университеттің негізгі қызмет бағыттары бойынша кешенді талдау жүргізіліп, сыртқы сарапшылар тарапынан қорытынды бағалау беріледі.

 

«Abai University» медиа орталығы