09.06.2026
УНИВЕРСИТЕТ ӨКІЛІ ЮНЕСКО ЖӘНЕ ИСЕСКО ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
Өткен аптада Қазақстан
Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының
кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, министрлер
мен вице-министрлер, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, сондай-ақ ғылым және
білім беру саласының өкілдері бас қосты. Аталған отырысқа Абай университетінің
өкілі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, профессор Айман Берікханова қатысты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан
Қариннің төрағалығымен өткен басқосуға отандық құрылымдардың жетекшілері мен
білікті мамандар қауымдастығы жұмылдырылды. Кеңесші өз сөзінде Мемлекет
басшысының бұл жобаларға ерекше мән беретінін атап өтті. Соның нәтижесінде,
еліміздің әлемдік мәдени-гуманитарлық кеңістіктегі рөлі артып, тарихи
құндылықтарды қорғау мен насихаттауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге
асырылып жатқаны айтылды.
– Президент Қасым-Жомарт
Тоқаевтың қолдауының арқасында соңғы жылдары Қазақстанның ЮНЕСКО және
ИСЕСКО-мен байланысы едәуір нығайды. Осының негізінде еліміз ұсынған нысандар
Дүниежүзілік мұралар тізіміне еніп, мәдени-гуманитарлық саладағы халықаралық
бастамаларымыз да тұрақты қолдау тауып келеді, – деді Ерлан Қарин.
Диалог барысында Ғылым және
жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова,
сондай-ақ бірқатар вице-министрлер мәдени мұра және тұрақты даму бағыттарындағы
өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО
ұйымдарымен өзара іс-қимылын дамыту тетіктері, тың идеяларды ілгерілету және әлемдік әріптестікті барынша нығайту
мәселелері жан-жақты қаралды. Күн тәртібіне мәдени және табиғи жәдігерлерді
сақтау, ағартушылықты дамыту, жаһандық геопарктер қызметі, биоэтика мәселелері
және ынтымақтастық өрісін кеңейту тақырыптары қамтылды.
Абай атындағы ҚазҰПУ ЮНЕСКО
кафедрасының бұл үдерістерге қатысуы тек халықаралық диалог алаңына қосылумен
шектелмейді. Университет жаһандық білім беру және ғылыми бастамаларды ұлттық
деңгейде бейімдеп, оларды нақты академиялық және зерттеу жобалары арқылы жүзеге
асыруға мүдделі екенін көрсетті. Комиссия отырысында жинақталған ұсыныстар
алдағы уақытта университеттің білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға, ғылыми
зерттеулердің бағыттарын нақтылауға және халықаралық серіктестікті жүйелі
дамытуға негіз болары анық.
«Abai University»
медиа орталығы