ТАЛАНТТЫ ТҮЛЕТКЕН ТАҒЫЛЫМ ОРДАСЫНА ШАҚЫРАМЫЗ!

Абай университетінің Өнер факультеті – талантты танытатын, креативті ойлауды, эстетикалық талғамды және жоғары кәсіби біліктілікті қалыптастыратын бірегей орта. Бүгінде шығармашылық индустрияның қарқынды өркендеуі өнер саласындағы кәсіби мамандарға деген сұранысты ерекше арттырып отыр. Бұл бағытта талантын шыңдап, қиялына қанат бітіргісі келетін өрендерді Өнер факультетіне оқуға шақырамыз.


Отандық мәдениет пен ағартушылықтың қайнар көзіне айналған бұл білім ордасы ұлттық руханиятты байыту мен жаңа буын өкілдерін тәрбиелеуде көш бастап келеді. Мұнда ұлттық дәстүр мен заманауи трендтерді қатар меңгерген, есімдері елге танымал үздік ұстаздар шоғырланған. Шәкірттердің бойына эстетикалық талғам дарытып, оларды еркін ізденіске бағыттау – факультеттің басты мақсаты. Соның нәтижесінде түлектер халықаралық көрмелер мен сахналарда топ жарып, мәдени ортада жоғары бағаланып жүр.


Өнер факультетінің мақтанышы – түлектері. Әр жылдары бұл оқу орнын бітірген Ерболат Төлепбай, Нэлли Бубэ, Владимир Власюк, Батима Заурбекова, Берікжан Әлмұхамбетов, Тоққожа Қожағұлов, Жолаушы Тұрдығұлов, Болат Атамқұлов, Нұрлан Қилибаев, Жеңіс Нұрлыбаев, Мұратбек Нұрлыбаев, Болат Байжігітов секілді белгілі қылқалам шеберлері өнердің дамуына зор үлес қосып келеді. Сонымен қатар Рамазан Стамғазиев, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев сияқты өнер жұлдыздары да осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан. Бұл факультеттің кәсіби әрі білікті кадрлар дайындаудағы деңгейін айқын көрсетеді.


Бүгінгі таңда іргелі факультетте үш кафедра жұмыс істеп, 7 білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлерді қабылдайды. Атап айтқанда, «Дизайн», «Көркем білім» мен «Музыкалық білім және хореография» кафедрасы өнерлі жастарға жоғары білім береді. Оқуға қабылдаудың шекті баллдары бойынша «Музыкалық білім» мен «Көркем білім» және «Еңбекке баулу және кәсіпкерлік негіздері» бағыттары бойынша – 20/75 балл. Яғни, ҰБТ баллы 20-дан кем емес, шығармашылық емтихан баллын қосқанда 75 баллдан жоғары болуы тиіс. Бұл – аталған мамандықтарға мемлекеттік грант конкурсына қатысуға және ақылы негізде оқуға құжат тапсыру үшін мүмкіндік береді.


Ал сахна сәні мен эстетикасын айшықтайтын «Хореография» мен «Бейнелеу өнері», «Дизайн» бағыттары және «Полиграфия» мамандықтарына үміткерлер үшін қабылдау деңгейі – 65 баллдан басталады. ҰБТ-дағы міндетті екі пәннен кемі 17 балл жинаған талапкерлер шығармашылық емтиханға қатысуға жіберіледі. Мәдениеттің жаңа форматын қалыптастыратын «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығын таңдаған жастар үшін шекті балл – 17/70.


Болашақ суретшілер мен дизайнерлер заманауи шеберханалар мен студияларда өздерінің алғашқы авторлық туындылары мен көрмелерін дайындайды. Талантты шыңдайтын бұл орта – арманыңызды ақиқатқа айналдыруға жол ашады. Көшбасшы университетпен бірге өнер әлемінің жаңа белестерін бағындыруға асығыңыз!


 «Abai University» медиа орталығы