«ЖАСЫН» БИ АНСАМБЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДА БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ

Абай университетінің студенттерінен құралған «Жасын» би ансамблі Алматы қаласында өткен «FREEDOM» халықаралық хореографиялық фестивалінде өнер көрсетіп, гран-при иегері атанды.

Хореографиялық өнерді дамытуға, қатысушылардың орындаушылық шеберлігін жетілдіруге және репертуардың көркемдік деңгейін арттыруға бағытталған халықаралық байқауға отандық және шетелдік өнерпаздар қатысты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген жалпы саны 74  шығармашылық ұжым өзара бақ сынады.

Дарынды өнерпаздар бас қосқан айтулы додада «Жасын» би ансамблі кәсіби шеберлігімен, сахналық мәдениетімен және ұлттық би өнерін насихаттаудағы өзіндік ерекшелігімен дараланды. Олар қазақтың көрнекті ән өнерінің жауһары – Ақан сері Қорамсаұлының «Балқадиша» әніне қойылған хореографиялық композицияны сахналады. Қойылым ұлттық рух пен көркемдік эстетиканы үйлестіріп, композициялық тұтастығымен, би техникасының нақтылығымен және орындаушылардың әсерлі сахналық бейнесімен ерекшеленді.

Нәтижесінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп қана қоймай, қазылар алқасының ең жоғары бағасына лайық деп танылды. Байқау қорытындысы бойынша «Жасын» би ансамблі Гран-При иегері атанып, шығармашылықты дамытуға арналған 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты жеңіп алды.

Айта кету керек, бұл – «Жасын» би ансамблінің биылғы жылғы кезекті жетістігі. Бұған дейін ұжым мамыр айында өткен «TUMAR Art Fest» балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық өнер байқауында І орын иеленіп, өзінің жоғары деңгейдегі дайындығын көрсеткен болатын.

Бұл жетістік – ұжым мүшелерінің табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Сондай-ақ би ансамблінің жетекшісі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессорының м.а. Алмат Құмаржановтың кәсіби еңбегінің жемісі.

«Abai University» медиа орталығы