УНИВЕРСИТЕТ ОҚЫТУШЫЛАРЫ МЕН СТУДЕНТТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАҒЫЛЫМДАМАҒА ҚАТЫСТЫ

25-31 мамыр аралығында Германиядағы Friedrich-Alexander-Universität Erlangen-Nürnberg (FAU) университетінде DAAD ұйымының «Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы халықаралық білім беру желісі» атты жоба аясында ғылыми-зерттеу тағылымдамасы өтті. Аталған тағылымдамаға Абай университетінің зерттеуші ғалымдары мен оқытушылары және студенттері қатысты.

Ғылыми жобаның оқу орнындағы жергілікті үйлестірушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжарқын Әбдіғапбарова, жоба ассистенті, PhD доктор Мадина Молдағали, сондай-ақ 2-курс студенттері Ш.Жұмабай мен Б.Райымбек арнайы Эрланген-Нюрнберг аймағына барды. Жобаның координаторы Ұлжарқын Мүсілімқызы 2020 жылдан бері Абай университетінің ғалымдары педагог кадрларды даярлау және жоғары білімді интернационалдандыру бағыттары бойынша белсенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырғанын жеткізді.

«Бірнеше жылдан бері DAAD аясында білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелерді зерттеп келеміз. Осы ынтымақтастықтың арқасында жобаға Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен студенттері белсенді түрде қатысып келеді. Осы жылдар ішінде Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстан елдерінің педагогика ғылымын дамытуға ұмтылған пікірлес ғалымдары мен мамандарынан құралған халықаралық команда қалыптасты. Біз тұрақты түрде онлайн воркшоптар, семинарлар және сарапшылық кездесулер өткіземіз», – деді үйлестіруші.

Тағылымдама бағдарламасы бойынша жетекші шетелдік сарапшылардың дәрістері, ғылыми семинарлар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Іс-шаралар білім беруді интернационалдандырудың заманауи үрдістеріне, академиялық ұтқырлыққа және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналды.

Сонымен қатар қатысушылар Эрланген қаласындағы бірқатар бейінді мекемелердің жұмыс тәжірибесімен танысты. Атап айтқанда, Youth Center Kinder-und Jugendhaus Pastorius жастар орталығында, German–French Institute (dFi) институтында және German–French Kindergarten балабақшасына барды.

Тағылымдаманың қорытынды кезеңінде «Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы халықаралық білім беру: салыстырмалы көзқарастар» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференция барысында зерттеушілер бірлескен зерттеу нәтижелерін таныстырды. Білім беру бастамасы Германия Федералдық Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен DAAD ұйымының «Higher Education Dialogue with the Muslim World» бағдарламасы бойынша қаржыландырылады.

Алдағы уақытта отандық ғалымдар жоба аясындағы жұмысты жалғастырып, Абай атындағы ҚазҰПУ базасында оқытушылардың халықаралық кәсіби қауымдастығын дамытуға және шетелдік әріптестермен академиялық нетворкингті нығайтуға ниетті.

«Abai University» медиа орталығы