05.06.2026
ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР МЕН ИННОВАЦИЯЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Абай университетінде «ХХІ ғасырдағы білім беру сапасы: заманауи
педагогикалық тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік
конференция ұйымдастырылды. Алқалы жиында Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті
профессор Асқарбек Құсайыновтың ұлттық білім беру ісіндегі қызметі сараланып,
педагогикалық заманауи инновациялар туралы сөз болды.
Конференция еліміздегі оқу-ағарту
ісінің жаңа дәуірін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға,
Қазақстандағы салыстырмалы педагогика
мектебі мен Педагогикалық ғылымдар академиясының негізін салушы, профессор
Асқарбек Құсайыновтың 75 жылдық мерейтойына арналды. Ғылыми отырыстың шымылдығы
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілептің алғы сөзімен
ашылды. Ректор өз құттықтауында академиктің ұлттық педагогиканы жаңа деңгейге
көтерудегі қажырлы еңбегі мен ғылымдағы сара жолына кеңінен тоқталды.
– Асқарбек Құсайынов –
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик ретінде отандық және
халықаралық білім кеңістігінде танылған, Қазақстанның білім беру жүйесіне
өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым. Ғалымның бастамасымен құрылған Қазақстан
Педагогикалық ғылымдар академиясы бүгінде жетекші ғылыми орталыққа айналып,
зерттеуші ғалымдар мен педагогтардың кәсіби қауымдастығын біріктіруге үлес
қосып келеді, – деді ректор. Профессор-академиктің Абай университетіндегі
ұзақ жылдар бойғы ерен еңбегі ескеріліп, ғалымға жоғары құрмет белгісі ретінде
«Құрметті ардагер» төсбелгісі табысталды.
Жиынды университеттің Зерттеу
қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан жүргізіп, мерейтой
иесінің ағарту саласын заманауи үрдістерге сай трансформациялаудағы, іргелі қызметіне
назар аударды. Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының
президенті Ақылбек Күрішбаев арнайы құттықтауын жолдап, мерейтой иесінің
ғылымдағы өзіндік қолтаңбасы мен қоғамдық қызметіне жоғары баға берді.
Іс-шарада ғалымның шығармашылық
жолы мен атқарған іргелі істері жан-жақты сараланды. Блиц-сұхбаттар форматында
өрбіген ашық әңгімелер басқосудың мазмұнын байытып, мәнін тереңдете түсті.
Қатысушылар Асқарбек Қабыкенұлының Қазақстандағы оқулықтану ғылымының тұңғыш
зерттеушісі ретіндегі тарихи беделін ерекше атап өтті. Сонымен қатар
терминология мен сөздіктер топтамасының ғылыми-әдістемелік жетекшісі ретіндегі
рөлі мен педагогика әлеміне танымал «Құсайынов формуласының» мән-маңызы кеңінен
сөз болды.
Конференция аясында профессордың
жетекшілігімен №26 жалпы білім беретін мектепте қолға алынған «Орта білім беру
сапасын ғылыми-практикалық негізде арттыру» жобасы таныстырылды. Бұл жоба
нәтижесінде мектептегі оқу үдерісі жаңаша сипат алып, оқушылардың сабақ
үлгерімі мен білім сапасы айтарлықтай жақсарған. Бұдан бөлек, балалардың
шығармашылық белсенділігі артып, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы
көрсеткіштері жоғарылаған. Теория мен тәжірибені ұштастыра білген бұл зерттеу
жұмысының жетістіктері қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылық тудырды.
Алқалы мәжілісте заманауи оқыту
үдерісінің өзекті мәселелерін арқау еткен мазмұнды баяндамалар тыңдалды.
Шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен өткен секцияда Қазан федералды
университетінің профессоры Фираз Харисов жаңа буын оқулықтарының сапасы туралы
ой толғаса, Алматы қаласы Білім басқармасының Орталық директоры Дәурен
Сағынғалиев орта білім берудің ғылыми-практикалық негіздерін дамыту
мәселелерін, ал Әділхан Дүйсебек ұлттық құндылықтар концепциясын көтерді.
Сонымен қатар Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері Марат Тоқашбаев, профессор Клара Кунакова және Тіл білімі
институтының өкілі Сәрсенбай Құлманов ғалымның іргелі зерттеулерінің маңызына
тоқталды. Ал халықаралық зерттеушілер онлайн оқыту, дидактикалық модельдер мен
болашақ педагогтардың құзыреттілігін дамыту мәселелерін сөз етті.
Мерейтойлық шарада Асқарбек
Қабыкенұлының қаламынан туған «Тағылымды тарих», «Асқарбек Құсайынов: Білім
және ғылым жолы» және «Қытай білім беру жүйесі. Шанхай жолы» атты жаңа
туындыларының ресми тұсаукесері өтті.
Жиын соңына ұлттық академиялық
ортаны модернизациялауға, заманауи оқулықтардың сапасын арттыруға және цифрлық
педагогиканы дамытуға бағытталған маңызды қарар қабылданды. Бұл құжат –
еліміздегі ағарту ісі мен салыстырмалы педагогика ғылымын жаңа белеске көтеруге
серпін берері анық.
«Abai University»
медиа орталығы