БІЗДІҢ СТУДЕНТ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРДЫ

Абай университетінің студенті республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында жеңімпаз атанды. Химия бағытындағы білім бәйгесіне еліміздің 11 жоғары оқу орнынан 26 студент қатысып бақ сынаған. Қатарластарынан оқ бойы оза шыққан Жаратылыстану және география факультетінің студенті Дильназ Серікқызы Ғылым және жоғары білім министрлігінің І дәрежелі дипломымен марапатталды.

Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауына отандық университеттердің «B01512 – Химия» білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылары үздік жобаларын ұсынған. Сараптамалық комиссия қатысушылардың зерттеулерін ғылыми жаңалығы, өзектілігі және практикалық маңыздылығы бойынша жан-жақты бағалады.

Байқау қорытындысы Абай университеті Химия кафедрасының «Химияны ағылшын тілінде оқыту» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Дильназ Серікқызының жобасы үздік деп танылды. Ізденімпаз студенттің «Химия пәнінен тұрақты даму мақсаттары негізінде жобалық оқыту арқылы 9-сынып оқушыларының экологиялық мәдениетін қалыптастыру» атты ғылыми-зерттеу жұмысы байқаудың жоғары марапатына ие болды. Оның ғылыми жетекшісі – аға оқытушы Оңласын Кулумбетова.

Аталған зерттеу жұмысы қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған. Ғылыми жоба Action Research әдіснамасы негізінде жүзеге асырылып, Алматы қаласындағы Жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәжірибелік сынақтан өтті.

Зерттеу барысында жоспарлау, әрекет ету, бақылау және рефлексия кезеңдері жүйелі түрде жүргізіліп, алынған нәтижелер ғылыми тұрғыдан талданды. Нәтижесінде тұрақты даму мақсаттарын химия пәнімен ұштастыра отырып жүзеге асырылатын жобалық оқыту технологиясы оқушылардың экологиялық мәдениетін дамытуға оң ықпал ететінін көрсетті.

Айта кетейік, Action Research – бұл практиктер өз жұмысындағы нақты мәселені шешу және тәжірибені жетілдіру мақсатында өздігінен жүргізетін үздіксіз зерттеу үдерісі. Ол теорияға емес, күнделікті жұмыс процесін жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда, Абай университетінің бітіруші түлектері Action Research форматында дипломдық жұмыстарын қорғап жатыр. Бұл – болашақ педагог мамандардың практикалық дағдыларын дамытуға септігін тигізері анық.

 

«Abai University» медиа орталығы