30.04.2026
Абай атындағы ҚазҰПУ талапкерлерге арналған Ашық есік күні өтті
2026 жылғы 29 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мектеп бітіруші түлектерге кәсіптік бағдар беру мақсатында дәстүрлі Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында университеттің барлық факультеттерінде арнайы таныстырылымдар өткізіліп, талапкерлерге білім беру бағдарламалары, оқу үдерісі, академиялық ұтқырлық, студенттік өмір және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қорытынды бөлімде факультеттер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, мектеп түлектері өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша кеңес алып, сұрақтарына жауап алды.
Салтанатты ашылу рәсімінде университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова талапкерлерді қарсы алып, жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде ол бүгінде Абай университетінде 20 мыңнан астам студент білім алып жатқанын, сондай-ақ оқу орнының халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының сапасы, заманауи талаптарға сәйкестігі және студенттерге жасалған мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.
Іс-шараға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев талапкерлерге сәттілік тілеп, сапалы білім алудың маңыздылығына тоқталды. Ал Ұлттық тестілеу орталығының сарапшысы Фархат Сұлтабаев ұлттық бірыңғай тестілеуге тиімді дайындалу жолдары мен тест тапсыру стратегиялары жөнінде пайдалы кеңестерімен бөлісті.
Педагогика және психология факультеті де Ашық есік күніне белсенді қатысып, талапкерлерге факультетте жүзеге асырылатын білім беру бағдарламаларын таныстырды. Әсіресе арнайы педагогика бағытындағы мамандықтарға қызығушылық танытқан мектеп түлектеріне толыққанды ақпарат беріліп, олардың сұрақтарына жан-жақты жауап ұсынылды.
Арнайы педагогика білім беру бағдарламалары бойынша кәсіби бағдар беру және насихаттау жұмыстарын кафедраның кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты аға оқытушы Д.Қ. Байдосова мен 1–2 курс студенттері жүргізді. Іс-шараға Арнайы педагогика кафедрасының меңгерушісі А.Н. Аутаева қатысып, талапкерлермен кездесті.
Ашық есік күні мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, викториналық ойындар, спорттық жарыстар және түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ашық есік күні талапкерлерге болашақ мамандықтарын саналы таңдауға бағыт-бағдар беріп, университеттің білім беру мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға зор мүмкіндік сыйлады.