ТҰҢҒЫШ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ФАКУЛЬТЕТІ ТАЛАПКЕРЛЕРДІ АСЫҒА КҮТЕДІ

Заманауи технологиялардың қарыштап дамыған кезеңінде біліктілік пен инновацияның тізгінін ұстау – басты талап. Бүгінде цифрлық орта тек құрал емес, ол – жаңа мүмкіндіктер мен кәсіби бағыттар алаңы. Сондықтан болашақ мамандығын дұрыс таңдау – әр талапкер үшін маңызды шешім. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласына қызығушылық танытқан жастар үшін бұл кеңістік терең білім мен үздіксіз дамуды талап етеді. Осы бағытта білім алуға ұмтылған жас талапкерлерге Абай университетінде жаңадан ашылған Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ғажап мүмкіндіктер ұсынбақ.

 

Жоғары ғылыми әлеуеті бар білім ордасы сапалы кадр даярлаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Мұнда цифрлық трансформация үдерісін жетік меңгерген білікті оқытушы- профессорлар құрамы шоғырланған. Студенттерді ғылымның соны бағыттарына баулу, олардың интеллектуалдық қабілетін арттыру – оқу орнының негізгі ұстанымы. Осының арқасында білім алушылар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болып, ірі компаниялардың қызығушылығын тудыруда.

 

Қазіргі уақытта құрылымдық бөлім уақыт талабына толық жауап беретін білім беру бағдарламаларын іске асырып жатыр. Мектептердегі ІТ-сауаттылықты жаңа деңгейге көтеретін «Информатика», сондай-ақ заманауи техника мен модельдеуді ұштастыратын «Информатика және робототехника» мұғалімдерін даярлау бағытына үлкен мән беріледі. Сонымен қатар деректер ағыны мен виртуалды жүйелерді басқаруға бейім жастар үшін «Ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект» мамандығының маңызы өте жоғары.

 

Мұндағы оқу бағдарламалары аудиториялық дәрістерді зертханалық жұмыстармен ұштастыра отырып, маманның кәсіби шеберлігін іс жүзінде бекітеді. Білім алушылар ең соңғы үлгідегі компьютерлік кешендермен, робототехника жабдықтарымен қамтылған зертханаларда өздерінің стартап жобаларын әзірлейді. Еліміздің жетекші ІТ-орталықтары мен маңдайалды білім беру мекемелерінде өтетін өндірістік іс-тәжірибелер болашақ мамандардың ілімін арттыра түспек.

 

«Информатика» немесе «Информатика және робототехника» бағыты бойынша ұстаздық жолды таңдағандар үшін ҰБТ қорытындысы бойынша шекті меже – 75 балл. Ал жоғары технологиялық «Ақпараттық жүйелер және ЖИ» мамандығына үміткерлер үшін де қабылдау деңгейі дәл сондай балл.

 

Өз болашағыңызды жарқын етіп, заманауи мамандықтың иесі атану – өз қолыңызда. Озық технологиялар мен ғылыми жаңалықтардың орталығы саналатын Абай университеті сіздің мақсаттарыңызға жетуге даңғыл жол салады. Үлкен өмірге батыл қадам жасап, көшбасы университетпен бірге цифрлық әлемнің шыңдарын бағындыруға асығыңыз!

 

«Abai University» медиа орталығы