04.06.2026
ҒЫЛЫМИ КЕҢЕС НАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАРАДЫ
Абай университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп жүргізіп отырған кеңес отырысында университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын жасанды интеллект көмегімен арттыру және Астана қаласындағы білім беру институтының жұмысы сияқты өзекті мәселелер қаралды.
Мәжілістің алғашқы тақырыбы бойынша Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан университет қаржыландыратын 2026 жылға арналған ішкі ынталандыру гранттарын іске асыру механизмі туралы баяндама жасады. Ғылыми кеңес мүшелері университетішілік ғылыми жобалар конкурсына ұсынылатын зерттеулердің мемлекеттік бағдарламалар мен ғылымды дамытудың басым бағыттарына сәйкес болуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Кеңес шешімімен шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, халықаралық әріптестікті нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру міндеті қойылды.
Үшінші мәселе аясында Филология факультетінің деканының міндетін атқарушы Ботакөз Тлеубекова жасанды интеллект технологиялары арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөніндегі жұмыстар туралы баяндады. Осы бағытта факультетте цифрлық құралдарды білім беру үдерісіне енгізу, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын арттыруға бағытталған ғылыми жобаларды әзірлеу және білім алушылардың жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану құзыреттерін дамыту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Абай университетінің Астана қаласындағы білім беру институтының 2025–2026 оқу жылындағы жұмыс нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттері қаралды. Астана қаласындағы кафедра филиалының басшысы Дінислам Болатханұлы атқарылған жұмыстар мен алдағы даму жоспарлары туралы ақпарат берді. Кеңес барысында білім алушыларды қабылдау, оқу үдерісін цифрландыру, жетекші ғалымдардың дәрістерін ұйымдастыру және филиалдың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері бойынша нақты міндеттер айқындалды.
Ғылыми кеңес отырысының қорытындысы бойынша барлық көтірілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты құрылымдық бөлімшелерге нақты міндеттер жүктелді.
«Abai University»
медиа орталығы