СИАНЬ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінде Сиань экономикалық және қаржы университетінің президенті Чжао Минцзюань бастаған қытайлық делегациямен ресми кездесу өтті. Басқосу барысында екі жоғары оқу орнының басшылығы білім, ғылым және халықаралық жобалар аясындағы серіктестік мәселелерін талқылап, өзара іс-қимылды ресми бекітетін маңызды меморандумға қол қойды.


Шетелдік мәртебелі қонақтарды Абай университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова мен стратегия және интернационалдандыру проректоры Айгүл Искакова ыстық ықыласпен қарсы алды. Ресми жиын аясында қытайлық әріптестерге Абай университетінің тарихы, қазіргі қызметі, халықаралық байланыстары мен студенттік өмірі таныстырылды. Проректор Бану Мұхатайқызы екі университет бағыттарының ерекшелігіне қарамастан, ортақ ғылыми қызығушылықтар мен серіктестік әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Қытайлық жоғары оқу орнының ғылыми бағыттағы зор жетістіктерін жоғары бағалады.


Сиань университетінің президенті Чжао Минцзюань білім ордасының тыныс-тіршілігі мен даму жолын баяндап, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Көрші мемлекет делегациясы Қазақстан мен Қытай компанияларына жан-жақты қызмет көрсететін және екі ел кәсіпкерлерін біріктіретін орталық құруға ниетті. Бұл орталық қазақ және қытай тілдерін үйрету арқылы тілдік кедергілерді жойып қана қоймай, құқықтық сауаттылық, халықаралық сауда мен бухгалтерия бағыттары бойынша сервис ұсынбақ. Шетелдік әріптестер Абай университетін осы ауқымды жобаны бірлесе жүзеге асыруға шақырды.


Айта кету керек, Сиань экономикалық және қаржы университеті – Қытай Халық Республикасының ежелгі мәдени әрі білім беру орталығы Сиань қаласында орналасқан жетекші мемлекеттік жоғары оқу орны. Білім ордасы негізінен экономика, қаржы, халықаралық сауда, заң және бухгалтерия салалары бойынша жоғары білікті кадрлар даярлайды. Сондай-ақ аталған бағыттарда іргелі ғылыми-зерттеу жобаларымен жаһандық білім беру жүйесінде танымал.


Кездесуде оқытушыларды академиялық алмасу, бірлескен зерттеу бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми мақалалар жариялау және өзге де білім беру жобаларына ортақтасу мәселелері талқыланды. Университет президенті Чжао Минцзюань Сиань университетін білім алатын қазақстандық студенттердің қатарын көбейтуге айрықша ықылас танытты.


Жиын соңында жоғары оқу орындарының басшылығы меморандум аясында нақты іс-қимылдарға көшуге уағдаласты. Тараптар мәмілегерлік құжаттың екі ел арасындағы білім мен ғылымды дамытатын жемісті серіктестіктің берік негізі болатынына сенім білдірді.

 


«Abai University» медиа орталығы