03.06.2026
БОЛАШАҚ ТАРИХШЫЛАР АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫНА КІРІСТІ
Абай университеті Тарих және құқық факультетінің 100-ден астам 1-курс студенті Алматы облысының «Бесмойнақ» археологиялық кешенінде оқу-далалық тәжірибесінен өтіп жатыр. 25 мамыр мен 6 маусым аралығында ұйымдастырылған тәжірибе барысында білім алушылар Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдарымен бірлесіп, ерте темір дәуіріндегі сақ қорғандарын қазу жұмыстарын атқаруға кірісті.
Дала
практикасына «Тарих» және «Тарих және қоғамтану» білім беру
бағдарламаларының студенттері тартылды. Биылғы зерттеу жұмыстарының басты
ерекшелігі –
білім алушылардың іргелі ғылыми мекемемен тікелей байланыс орнатуы. Студенттер жетекші археологтардың басшылығымен бірге сақ тайпалары кезеңіне жататын көне
қорғандарды зерттеп, теориялық білімдерін дала жағдайындағы практикамен ұштастыру мүмкіндігін алды. Бірлескен жұмыс барысында студенттер археологиялық қазба жұмыстарының
әдіс-тәсілдерін, артефактілермен жұмыс істеуді және табылған жәдігерлердің
тарихи құндылығын анықтауды тікелей тәжірибелі археологтардан үйренеді.
Бесмойнақ археологиялық кешені –
Жетісу өңірінің көне тарихынан сыр шертетін маңызды ескерткіштердің бірі. Мұнда
сақ дәуірінің мұраларымен қатар кейінгі кезеңдерге тиесілі тарихи іздер де
сақталған. Кешен аумағында 100-ден астам
ірілі-ұсақты қорған бар.
Биылғы маусымда болашақ тарихшылар
3 қорғанды қазып, зерттеуден өткізіп жатыр. Олардың қатарында диаметрі 35
метрге жуық ірі қорғандар да бар. Қазба жұмыстары барысында ежелгі дәуірде өмір
сүрген адамдар мен жауынгерлерге тиесілі құнды жәдігерлер табылды. Студенттер оларды
ғылыми тұрғыда зерделей отырып, кәсіби мамандықтарының қыр-сырын тәжірибе
жүзінде меңгеріп жатыр.
Практика жетекшісі, тарих
ғылымдарының кандидаты Дәулет Абенов мұндай
тәжірибенің болашақ мамандар үшін маңызы зор екенін айтты.
– Жастарға университет тарапынан қажетті
жағдай жасалып, олардың практикалық тұрғыдан жетілуіне толық мүмкіндік беріліп
отыр. Студенттеріміз теориялық білімді мықтап оқыды, енді нағыз тарихшы археолог
ретінде кәсіби шеберліктерін шыңдап жатыр, – деді ол.
Бұл
далалық тәжірибе –
оқу жоспарының міндетті бөлігі. Мұндай археологиялық
экспедициялар болашақ
тарихшылардың кәсіби дағдыларын арттыруды,
археологиялық зерттеу әдістерін іс жүзінде меңгеруді және елдің тарихи-мәдени
мұрасын терең зерделеуді көздейді.
«Abai University» медиа орталығы