02.06.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – ӨНЕРІМЕ ЖОЛДАМА БЕРГЕН АЛТЫН ОРДА – Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, Қазақстанның Халық әртісі
1989 жылы «Қазақконцерт» бірлестігінде қызметке қалдырылдым. Жас өнерпаз үшін бұл үлкен сенім әрі зор жауапкершілік еді. Сол кезеңде Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз жетекшілік еткен әйгілі «Жазира» ансамблінің құрамында еңбек еттім. Ансамбльмен бірге ел аралап, халықпен қауышып, үлкен сахнаның мектебінен өттік.
Алайда өнер жолында тек тәжірибе ғана емес, кәсіби білімнің де маңызды екенін терең түсіндім. Сондықтан 1990 жылы сол кездегі ҚазПИ-дің жаңадан ашылған музыка факультетіне оқуға түстім. Бұл оқу орнының мен үшін ең үлкен артықшылығы – сырттай білім алу мүмкіндігі болды. Өйткені гастрольдік сапарларымыз өте көп еді. Соған қарамастан, оқуымды тоқтатпай, жылына бірнеше рет университетке келіп, емтихан тапсырып, білімімді жетілдіріп отырдым.
Алғашында күй мамандығы бойынша қабылданып, домбыра бөлімінде білім алдым. Кейін Қайрат Байбосынов ағамыздың шақыруымен ән мамандығына ауысып, шығармашылық бағытымды біржола айқындадым. Осылайша 1995 жылы оқуымды тәмамдадым. Сол уақыт аралығында ҚазПИ Абай атындағы гуманитарлық университет болып өзгерді. Сондықтан дипломым институт болып басталып, университет болып аяқталды. Кейде соны әзілдеп: «Мұндай диплом менде ғана бар шығар», – деп айтып жүремін.
Абай университеті мен үшін жай ғана білім ордасы емес, өнердегі үлкен өміріме жол ашқан қасиетті мекен болды. Мұнда бізге білікті ұстаздар дәріс берді. Сырттай оқысақ та, ұстаздарымыздың талапшылдығы мен жанашырлығы бізді үнемі ізденіске жетелейтін. Концерттер мен ғылыми-шығармашылық шараларға қатысып, өнер мен білімді қатар алып жүруге мүмкіндік алдық.
Сол жылдары менімен бірге Медеу Арынбаев оқыса, кейін Жанар Айжанова, Гүлмира Ақұрпекова, «Қоңыр» тобының солисі Мархабат Мықтыбеков сынды талантты өнерпаздар осы оқу ордасының қабырғасынан білім алды. Бұл – Абай университетінің қазақ өнеріне қосқан үлкен үлесінің бір ғана көрінісі.
Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген майталман әріптестеріммен бір сахнада өнер көрсетіп келемін. Солармен иық тірестіріп, халқымның ықыласына бөленуіме Абай университетінде алған білім мен тәрбиенің ықпалы зор деп білемін.
«Жазира» ансамблімен 17 жыл бойы ел аралап, халқымның алдында ән шырқадым. Сол сапарларда өмір мектебінен өттім, өнердің шынайы бағасын ұқтым. Ал сол өнер жолында маған сенім беріп, қанат қақтырған білім ордасы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.
Сондықтан қай кезде де менің атым аталған жерде Абай университетінің есімі қатар жүреді. Өйткені бұл оқу орны – менің өнердегі тағдырыммен біте қайнасқан алтын ордам.