01.06.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ХАБЫНА АЙНАЛДЫ
Абай университетінде басталған «Тұрақты болашақ үшін білім берудің жаңа архитектурасы: жаһандық сын-қатерлер, инновациялар және жаңа мүмкіндіктер» атты ауқымды халықаралық симпозиум өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған іс-шара мемлекетаралық академиялық диалогты тереңдетуге және педагогикалық білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталды.
Орталық Азия елдері және Қытай
Халық Республикасының жетекші университеттері мен халықаралық ұйым өкілдері
Абай атындағы ҚазҰПУ базасында бас қосты. Сарапшылар педагогиканың ең өзекті
тақырыптарын, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктері мен интеллектуалды
педагогиканы білім беру үдерісіне ықпалдастыру мәселелерін талқылады. Жиында
ғалымдар қазақ тілді цифрлық контентті дамытуға арналған машиналық оқыту
әдістерін, оқытушылардың уақытын үнемдейтін жаңа AI құралдарын және болашақ
мамандарды даярлаудағы цифрлық бейімделмелі жүйелердің рөлін ортаға салды.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік
кеңсесінің директоры Амир Пирич симпозиум тақырыбының маңызына тоқталып,
тұрақты болашақты қалыптастыруда бұл бағыттардың әрбірі жаһандық сын-қатерлерге
жауап беретін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі
таңда білім беруді трансформациялау, жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеру,
әлеуметтік-эмоционалдық және климаттық білім беруді дамыту – заманауи білім
экожүйесін құрудың басты негізі.
Сонымен қатар халықаралық сарапшылар қауымдастығы білім алушылардың әлеуметтік-эмоционалдық әл-ауқатын арттыру және заманауи мектептерде қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Білім беру үдерісін геймификациялау, педагогтардың эмоциялық өзін-өзі реттеуіне арналған техникалар және буллинг пен кибербуллингке қарсы тиімді EQ-технологиялар таныстырылды.
Климаттық білім беру мен тұрақты
даму секциясында халықаралық озық тәжірибелер негізінде STEM және STEAM
технологияларын экологиялық тәрбиеге интеграциялау талқыланды. Жаһандық климат
өзгерісіне қарсы қабылданып жатқан мемлекетаралық шаралар мен заманауи білім
берудегі климаттық карталардың рөлі жан-жақты сараланды.
Пленарлық отырысы Абай
университетінде өткен халықаралық симпозиум жұмысына Қазақстан, Қытай, Қырғыз,
Өзбекстан және Тәжікстан өкілдер қатысты. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары
мен білім ордаларынан, атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абылай хан
атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, М. Әуезов
атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік
Қазақстан педагогикалық университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай
өңірлік университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті,
Астана халықаралық университеті және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім
академиясы мен мемлекетіміздің өзге де алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарының
басшылары мен білікті мамандары қатысты. Ал симпозиумның секциялық жұмыстары
Қыздар университетінде жалғасты.
Симпозиум нәтижесінде Абай
университеті мен Шанхай педагогикалық университеті және ЮНЕСКО жанындағы мұғалімдерді
даярлау орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Халықаралық
сарапшылар симпозиум арқылы тұрақты даму жолында еліміздің педагогикалық
көшбасшысы Абай университетінің Орталық Азияның білім беру хабы ретіндегі тарихи
рөлін айқындап берді.
«Abai University» медиа орталығы