27.04.2026
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ашық есік күні» өтті
2026 жылғы 24 сәуірде сағат 14:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінде «Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара факультеттің 15-аудиториясында өткізіліп, оған педагогикалық және медициналық колледждердің студенттері мен мектеп бітіруші 120-ға жуық түлектері қатысты.
Іс-шараны Педагогика және психология факультеті деканының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Е.К. Курманғали ашып, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Өз сөзінде талапкерлерді университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстырып, болашақ мамандықтарын саналы таңдауға шақырды.
Кездесу барысында Бастауыш білім беру кафедрасының кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты жетекшісі Б.О. Жанқұшков университеттегі білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат беріп, оқуға қабылдау талаптары мен ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар, Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты мүшесі К.К. Түсубекова мен Арнайы педагогика кафедрасының кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты мүшесі Д.Қ. Байдосова талапкерлермен кездесу өткізіп, мамандықтардың ерекшеліктері туралы ақпарат ұсынды.
Іс-шараның ұйымдастырылуына Арнайы педагогика білім беру бағдарламасының 1–2 курс студенттері белсенді қатысып, келген қонақтарға факультет мамандықтары туралы кеңінен мәлімет берді. Қатысушыларға арнайы презентациялар көрсетіліп, студенттердің қатысуымен дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, талапкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алды.
Ашық есік күні аясында түлектер Арнайы педагогика кафедрасының оқу кабинеттерімен танысып, кафедра меңгерушісі А.Н. Аутаевамен кездесті. Кездесу барысында мамандықтың мазмұны, болашағы және еңбек нарығындағы маңыздылығы жөнінде мазмұнды сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ кафедраның профессор-оқытушылар құрамы талапкерлермен кездесіп, арнайы педагогика мамандықтарының ерекшеліктері мен қоғамдағы рөлі туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара соңында педагогикалық және медициналық колледждер мен мектептерге ынтымақтастық пен белсенді қатысқандары үшін алғыс хаттар табысталды. Университет басшылығы мен факультет ұжымы барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, талапкерлерді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім беру бағдарламаларын таңдап, сапалы білім алуға шақырды.