01.06.2026
БАЛАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай университет қызметкерлері мен оқытушыларының балаларына арналған «Абай үміті» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланды. Бүлдіршіндер додасы Білім мазмұнын дамыту институтының қолдауымен өткізіліп, нәтижесінде үздіктер марапаттарға ие болды.
2026 жылдың 4-28 мамыр аралығында университет қызметкерлерінің балалары арасында «Абай үміті» онлайн байқауы жарияланған болатын. Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылығын дамыту, хәкім Абайдың әдеби мұрасын насихаттау арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу.
Онлайн байқауда қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып, бейнебаян түсірген. Үміткерлердің шығармашылық жұмыстары – туынды таңдауына, көркем оқу шеберлігіне, дикциясы мен шығарманың мазмұнын әсерлі жеткізу деңгейіне қарай бағаланды. Балалардың жас санатына қарай мектепке дейінгі (3-5 жас) және бастауыш сынып оқушылары (6-10 жас) болып бөлінді. Халықаралық балалар мерекесі қарсаңында байқаудың қорытындысы жарияланып, 41 шығармашылық жұмыстың ішінен 12 қатысушының өнері үздік деп танылды.
Марапаттау рәсіміне университетің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов, «Хәкім Абай» ұлттық тәрбие орталығының ғылыми қызметкері, абайтанушы Жабал Шойынбет, сондай-ақ жүлдегерлер мен олардың ата-аналары қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша 3-5 жас санаты бойынша І орынды Жирен Айша иеленсе, ІІ орын Даниярұлы Алинурға бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Ерікұлы Айсұлтан жеңіп алды. Сондай-ақ «Абай үміті» арнайы номинациясымен Шамшидин Камила, «Абай аманаты» номинациясымен Даурен Айлин, ал «Абай әлемі» номинациясымен Маратова Арайша марапатталды.
Бастауыш сынып оқушылары (6-10 жас) санаты бойынша І орынды Бақдаулет Алинұр иеленсе, ІІ орынды Иманғали Нұркен қанжығасына байлады. Ал ІІІ орын Нұрмаханбет Айкөркемге бұйырды. Бұл санат бойынша «Абай үміті» және «Абай аманаты» номинациялары Ренатқызы Жәния мен Ренатқызы Әдияға берілді. Ал Жақсығали Әмір «Абай әлемі» номинациясының жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздарға университетің Басқарма Төрағасы-Ректордың Алғыс хаттары, дипломдары және арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл байқау – Абай мұрасын дәріптеп, жас ұрпақтың ұлттық әдебиет пен көркем сөз өнеріне баулуға және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
«Abai University» медиа орталығы