29.05.2026
ҚАПЕЗ БАЙҒАБЫЛҰЛЫНЫҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде
қазақтың біртуар композиторы, қуғын-сүргін құрбаны, тарихи тұлға Қапез
Байғабылұлының 130 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Саяси қуғын-сүргін
жылдарындағы қазақ зиялыларының қасіретті тағдырын арқау еткен «Жел өтіндегі
ұлт тағдырының көрінісі» атты алқалы жиынға белгілі өнертанушылар, тарихшылар
мен әдебиетші ғалымдар қатысты.
31-мамыр – елімізде қуғын-сүргін
құрбандарын еске алу күні. Бұл – қатпалы тарихта қасіретті тағдыр кешкен
қайраткер тұлғаларға тағзым етіп, олардың қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық
қызметін дәріптеуге арналған күн. Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына орай
ұйымдастырылған дөңгелек үстелде қайраткердің еңбегі сараланып, алдағы зерттеулердің
бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды қарар қабылданды.
Жиынды кіріспе сөзбен ашқан Тарих
және құқық факультетінің деканы Ғабит Кенжебаев сазгердің ел есінде сақталған
өнегелі істеріне тоқталып, қайраткер есімін қазіргі қоғамда ардақтаудың маңызын
атап өтті. Бұл ойды сабақтаған тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Симтиков
композитордың шығармашылық болмысы мен бірегей талантын зерделеу – бүгінгі
қоғамдық сананы жаңғыртудың басты өзегі екенін тілге тиек етті.
Қайраткердің өмір жолы тек
өнермен ғана емес, ұлт азаттығы жолындағы күреспен де тығыз байланысты. Өткен
күннің ақтаңдақтарынан сыр шерткен тарихшы Тұрғанжан Төлебаев саяси тұлғаның
атқарған зияткерлік еңбектерін тереңнен қозғады. Ол Қапез Байғабылұлының ел
ішіндегі ағартушылық мұратын нақты айғақтармен ұсынып, оның ұлттық мәдениетті
сақтаудағы рөлін айқындады.
Өнертанушы ғалым Сағатбек
Медеубекұлы баяндамасында сазгер шығармашылығының әлі де зерттелмеген көлеңкелі
тұстарына назар аударды. Ғалым қайраткердің ақындық қырын дербес ғылыми бағытта,
жеке сала ретінде іргелі түрде зерделеу қажеттігін алға тартты.
Жиында сазгер шығармашылығын
ғылыми тұрғыдан тереңдету мақсатында тың деректер айтылды. Мәселен, тарихшы, ғалым
Рашид Ораз композитордың өміріне қатысты отбасылық мұрағаттарды өзара салыстыра
талдап, ресми және бейресми дереккөздерді ұсынды. Сонымен қатар мәтінтанушы
Нұржұма Елесбай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба
қорынан табылған құнды мәліметтерді жеткізді. Ол сазгердің өз заманындағы
көптеген халық әншілерінің туындыларын хатқа түсіріп, бүгінге жеткізгенін
ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.
Ғылыми талқы барысында Бағылан
Бәбіжан сазгер әндерінің теориялық иірімдері мен мәтіндік құрылымын талдаса,
Ақайдар Құрманбек Стамбул және Анкара архивтерінен табылған жәдігерлерді көпшілік
назарына ұсынды.
Тағылымды іс-шарада айтылған
құнды мәліметтер мен ғылыми жаңалықтар жай ғана баяндама күйінде қалмақ емес. Дөңгелек
үстел аясында қабылданған қарар негізінде, алдағы уақытта Қапез Байғабылұлының
мұрасын ғылыми жүйеге келтіру, Түркия және отандық архивтердегі тың
мәліметтерді, отбасылық құжаттар мен ноталық қолжазбаларды жеке жинақ етіп
шығару жұмыстары қолға алынбақ.
«Abai
University» медиа орталығы