28.05.2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СИМПОЗИУМ БАСТАЛДЫ
Бүгін Абай университетінде Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасының жетекші универистеттерінің сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен «Тұрақты болашақ үшін білім берудің жаңа архитектурасы: жаһандық сын-қатерлер, инновациялар және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық симпозиум басталды. Педагогикалық білім беру жүйесінің сапасы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара мемлекетаралық академиялық диалогты дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік
кеңсесі, Шанхай педагогикалық университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық
қыздар педагогикалық университеті және ЮНЕСКО қамқорлығындағы мұғалімдерді
даярлау орталығының бастамасымен өтіп жатқан симпозиум - өткен жылы Қытайдың
Шанхай қаласында бастау алған «The Belt and Road Exchange» халықаралық
жобасының заңды жалғасы.
Халықаралық симпозиумды Абай
университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова
жүргізіп, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич құттықтау
сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шанхай педагогикалық университетінің
президенті Вэнь Юань мемлекеттер арасындағы берік байланысты нығайтуда
педагогикалық серіктестің маңызы жоғары екенін алға тартты.
– Қытай мен Орталық Азия
елдері – көпғасырлық достық байланыс орнатқан жақын көршілер. Осыдан екі мың
жылдан астам уақыт бұрын Ұлы Жібек жолы халықтарымызды біріктіріп, тауар,
технология, мәдениет пен жаңа идеялардың алмасуына ықпал етті. Бүгінгі таңда
білім беру саласындағы серіктестік мемлекеттеріміз арасындағы гуманитарлық
байланыстардың маңызды бөлшегіне айналып отыр, – деді Вэнь Юань.
Симпозиумның күн тәртібіндегі
баяндамалар қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін қамтыды. Жиында
педагогикалық білім беруді трансформациялау, жасанды интеллект пен цифрлық
инновацияларды адамға бағдарлай отырып қолдану, сондай-ақ
әлеуметтік-эмоционалдық оқыту мәселелері кеңінен талқыланды. ЮНЕСКО мамандары
Мейргуль Алпысбаева мен Нурбек Телешалиев жасанды интеллектінің қағидаттары мен
климаттық білім берудің халықаралық стандарттарына тоқталды.
Сонымен қатар халықаралық және
отандық сарапшылар, атап айтқанда, ЮНЕСКО орталығы директорының орынбасары,
профессор Цзе Ван мұғалімдерге арналған кәсіби білім беру экожүйесін
қалыптастыру жолын баяндады. Ал, Шанхай педагогикалық университетінің
профессоры Хуэй Ли болашақ STEM пәндері мұғалімдерін даярлау, профессор Линшуай
Конг Қытайдағы математиканы оқыту моделінің ерекшеліктері туралы құнды
тәжірибелерімен бөлісті.
Орталық Азия өңірінен келген И.
Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі,
профессор Миргуль Эсенгулова білім беруді трансформациялаудың маңызын ашса,
Еуразия ұлттық университеті Жоғары білім беру мектебінің директоры, профессор
Баубек Сомжүрек цифрландыру дәуіріндегі педагогиканың перспективаларын ортаға
салды. Сондай-ақ Абай университетінің өкілі, география ғылымдарының кандидаты Қарлығаш
Мұздыбаева оқу орнындағы климаттық білім беруді дамыту мәселесін көтерді. TeachersLab
орталығының бас директоры Сауле Зейнетолла аталмыш бағыттағы интерактивті
құралдардың рөлін таныстырды.
Симпозиум аясында Абай
университеті мен Шанхай мемлекеттік педагогикалық университеті, сондай-ақ
ЮНЕСКО аясындағы Педагогикалық білім беру орталығы арасындағы өзара түсіністік
пен халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Мазмұнды диалогқа ұласқан халықаралық
симпозиум 29 мамырда да жұмысын жалғастырып, аймақтағы білім беру жүйесін
дамытуға бағытталған ортақ ұсыныстарды айқындайды.
«Abai University» медиа орталығы