АБАЙ ОРТАЛЫҒЫ – ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПА АРАСЫНДАҒЫ РУХАНИ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ КӨПІР

Польша Республикасының Слупск қаласындағы Помор академиясында (Померания университеті) Абай университеті ресми делегациясының жұмысы жалғасып жатыр. Бүгін сапар аясында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп университет бастамасымен Помор академиясында ашылған Абай орталығы жұмысымен танысты.


Еуропада ұлтымыздың рухани құндылықтарын насихаттаумен айналысатын Абай атындағы қазақ мәдениеті мен ғылымы орталығының қызметімен танысқан Болат Анапияұлы ұжым және студенттер жұмысына жоғары баға берді. Кездесу барысында ректор Абай орталығының Қазақстан мен Еуропа арасындағы рухани және мәдени байланысты нығайтудағы айрықша рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Абай мұрасы – тек ұлттық құндылық қана емес, әлем халықтарын ортақ гуманистік идеялар төңірегіне біріктіретін рухани көпір.


– Помор академиясы – Еуропадағы тарихы терең, академиялық беделі жоғары жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Бізді ұзақ жылдар бойы байланыстырып келе жатқан серіктестік бүгінде нақты нәтижелер беріп жатыр. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы 200-ден астам студент екі ел арасында білім алып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар оқытушылар мен зерттеушілердің өзара тағылымдамадан өтуі де тұрақты үрдіске айналды. Померания университеті басшылығына осындай жан-жақты ынтымақтастық пен қолдаулары үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Болат Тілеп.


Аманкүл Қазмағамбетова жетекшілік ететін Абай орталығы шет елде қазақ тілін, әдебиетін және мәдени мұрасын насихаттау мақсатында жұмыс істейді. Жастарға қазақтың ұлы ғұламасы Абайдың философиялық идеяларын таныстырып, мәдени диалогты дамытуға ықпал ететін маңызды ғылыми білім беру кеңістігі ретінде танылған.


Халықаралық деңгейде қазақ руханиятын танытуға елеулі үлес қосып отырған орталықта өткен кездесу барысында Болат Анапияұлы қазақ және ағылшын тілдеріндегі кітаптарды сыйға тартып, шет жердегі отандастарымыз да сая табатын рухани бірлестік жұмысына сәттілік тіледі.


2019 жылғы 23 мамырда Помор академиясының Неофилология институтында ашылған Абай орталығы Қазақстан мен Польшаның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамытуға бағытталған маңызды ғылыми білім беру платформасына айналып үлгерді. Жыл сайын «Абай оқулары» халықаралық ғылыми семинарын өткізіп тұрады. Оның қызметіне Польшадағы Қазақстан Елшілігі қолдау білдіріп, ғылыми-мәдени дипломатияның тиімді үлгісін көрсетіп келеді.


Естеріңізге сала кетейік, Абай университеті мен Помор академиясы арасындағы келісім аясында бірлескен ғылыми жобалар, конференциялар мен ғылыми басылымдарға баспалық-редакциялық жұмыстарды үйлестіру жүйелі түрде даму үстінде. Соңғы жылдары 30-дан астам оқытушы мен қызметкер тағылымдамадан өтіп, халықаралық ғылыми ортада тәжірибе алмасуға мүмкіндік алған. 

«Abai University» медиа орталығы