29.05.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПОЛЯК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ
Абай университетінің ресми делегациясы Польша Республикасының Слупск қаласындағы Помор академиясына (Померания университеті) жұмыс сапарымен барып, екіжақты академиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды келіссөздер жүргізді. Сапардың негізгі мақсаты – жоғары білім беру саласындағы серіктестікті кеңейту, мәдени байланыстарды дамыту және бірлескен жаңа бастамаларды іске асыру.
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп, Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау бастап барған ресми делегация сапар барысында маңызды халықаралық келісімдерге қол жеткізілді. Померания университетінің ректоры Збигнев Осадовскимен қол қойылған бастама-хат бойынша Қазақстан университетінің базасында Поляк тілі мен мәдениеті орталығын ашылмақ. Бұл орталық екі ел арасындағы мәдени диалогты тереңдетіп, студенттерге поляк тілін меңгеруге және мәдениетін жан-жақты тануға мүмкіндік береді.
Тараптар сондай-ақ академиялық ұтқырлықты арттыру, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және білім беру саласындағы тәжірибе алмасуды жүйелі түрде дамыту мәселелерін талқылады. Екі университет өкілдері бұл серіктестіктің ұзақмерзімді әрі нәтижелі болатынына сенім білдірді. Жұмыс сапары халықаралық білім беру кеңістігінде академиялық және мәдени байланыстарды дамытуға серпін бермек.
Айта кетейік, екі
университет арасындағы байланыс 2012 жылдан бастау алады. Сол жылы ҚазҰПУ
ғалым-филологтары Польшадағы Помор академиясына алғаш рет барып, академиялық
қарым-қатынасқа негіз қалады. 2015
жылы ресми ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Содан бері Абай университетінң 200-ден
астам студент, магистрант және докторанты Помор
академиясында білім алып, тағлымдамадан өтті.
Ең маңызды бағыттардың бірі – қос дипломды білім беру. 2017 жылы ҚазҰПУ-дың «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы мен Помор академиясының «Бизнес және туризм саласындағы орыс тілі» бағдарламасы негізінде бакалавриат және магистратура деңгейінде қос дипломды оқу бағдарламасы іске қосылды. Яғни, білім алушылар екі елдің жоғары оқу орнында қатар білім алып, халықаралық деңгейдегі диплом иелене алады. Осы уақытқа дейін ҚазҰПУ студенттеріне еуропалық үлгідегі 28 диплом табысталса, биылғы оқу жылында тағы 5 студент оқуын аяқтайды.
Алдағы уақытта екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту қолға алынбақ. Атап айтқанда, биология, география, педагогика, көркем білім беру, музыка өнері және физика бағыттары бойынша жаңа қос дипломды білім беру бағдарламалары жұмыс істейді. Сонымен қатар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, докторанттарға бірлесе жетекшілік ету, академиялық ұтқырлықты арттыру және Erasmus+ бағдарламалары аясындағы серіктестікті жалғастыру жоспарланып отыр.
«Abai University» медиа орталығы