«AI-SANA» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА СТАРТАП ЖОБАЛАР ӘЗІРЛЕНДІ

Абай университетінде студенттердің жасанды интеллект негіздерін меңгеруге бағатталған «AI-SANA» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жасанды зерде мүмкіндіктерін білім беру ісіне енгізуге негізделген бағдарлама аясында студенттер стартап жобалар дайындап, дипломдық жұмыстарын да қорғауға сәтті пайдаланды.


«AI-SANA» білім беру курсына қатысуға университеттің 2173 білім алушысы өтінім берген. Оның ішінен үміткерлер іріктеліп, жобаға 979 студент қатысқан. Бұл – өтінім бергендердің 45,1 пайызы. Қазіргі таңда қарқынды оқытудан өтіп, дайындықты толық аяқтаған шәкірттер саны 240-қа жетті. Бұл көрсеткіш курсқа қосылғандардың 24,5 пайызын құрайды.


Теориялық білімді практикамен ұштастырған студенттер өздерінің алғашқы цифрлық өнімдерін сәтті қорғап шықты. Олардың бірі – жасанды интеллектіні оқу барысына кіріктірудің тиімді үлгісі ретінде «Зерде АІ» платформасын ұсынған Математика, физика және информатика факультетінің  4 курс студенті Нұрай Майлыбай. Оның әдістемесі оқушылардың аз уақыт ішінде жіберген қателіктерін тауып, дербес тапсырмалар әзірлеуге негізделген.


– Бұл бағдарлама арқылы біз, ең алдымен, уақытты үнемдеуді үйрендік. Мен әзірлеген әдістеме әр оқушының қателігін бірнеше секунд ішінде анықтап, олардың білімін жетілдіруге арналған жеке тапсырмаларды жасап береді. Мұндай тәсіл ұстаздардың күнделікті жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, – дейді Нұрай Майлыбай.


Тағы бір ізденімпаз студент – 4 курс студенті Жайдары Нығметханова. Жайдары «SmartSana» атты жобасында жасанды интеллекттің көмегімен пәнаралық байланысты нығайтатын интерактивті білім беру контентін жасаған. Бұдан бөлек, ол өз жұмысында көрнекі визуалды материалдарды жедел дайындау, ұстаз бен оқушы арасындағы кері байланысты нығайту және үлгерімді автоматты түрде бағалау тетіктерін көрсетті.


– «AI-SANA» курсы бізге үлкен шығармашылық еркіндік берді. Заманауи құралдарды қолдана отырып, мұғалім мен бала арасындағы интерактивті байланысты жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолын әзірледім. Сонымен қатар бұл бағдарлама оқушылардың білімін автоматты түрде бағалап, олардың даму деңгейін тұрақты қадағалап отыруға мүмкіндік береді, – деп бөлісті Жайдары Нығметханова.


Абай университеті әрбір болашақ маманның заман талабына сай қалыптасуына айрықша мән береді. Бүгінгі таңда мұғалім өз саласын жетік меңгеріп қана қоймай, жасанды зердені оқыту әдістемесіне пайдалана алуы тиіс. «AI-SANA» бағдарламасы жастардың жаңа технологияға қызығушылығын арттырып, қабілеттерін қалыптастыруға ықпал етті.


«Abai University» медиа орталығы