26.05.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ ERASMUS+ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
21-22 мамырда Астана қаласында Erasmus+ бағдарламасының
өңірлік ақпараттық күні және «Жоғары білім берудегі жасанды интеллект»
тақырыбындағы халықаралық конференция өтті. Іс-шара Erasmus+ Қазақстандағы
Ұлттық кеңсесі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен
ұйымдастырылды. Аталған жиынға Абай университетінің өкілдері қатысып, жасанды
интеллект саласында маман даярлау тәжірибесі таныстырылды.
Конференцияның
ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысып,
жоғары білім беру жүйесіндегі цифрландыру мен жасанды интеллект бағыттарының
маңыздылығына тоқталды.
– Жасанды интеллект
жоғары білім беру саласына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ол білім беру сапасын
арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және бәсекеге қабілетті мамандар
даярлауға ықпал етеді. Осы тұрғыда Erasmus+ бағдарламасы халықаралық
әріптестікті нығайтуда және университеттерді жаһандық білім беру кеңістігіне
ықпалдастыруда маңызды рөл атқарады, – деді министр.
Жиынға Абай
атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова,
Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева, Білім
беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова және Халықаралық
бағдарламалар және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Аяулым Ахметбекова
қатысты.
– Еліміздегі жоғары оқу орындарының барлығы Erasmus+ жобаларына
белсенді түрде қатысады. Соның нәтижесінде бүгінгі күні жоғары білімнің
дамуына, сапасының жоғарылауына көптеген жобалар ықпалын тигізді. Бұл конференцияның
мақсаты осындай жобалардың сапасын көтеріп, қатысушылар санын көбейту, – деді проректор Бану Мұхатайқызы.
Халықаралық жиында
Абай университетінің өкілі, Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің
директоры, қауымдастырылған профессор Нұржамал Ошанова «Қазіргі сын-қатерлер
жағдайында жасанды интеллект саласында кадр даярлау: Абай атындағы ҚазҰПУ
тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Оқу орнының бұл бағыттағы тәжірибесі
педагогикалық білім беруді цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын
тиімді қолдану бойынша Қазақстандағы үздік тәжірибелердің бірі ретінде
ұсынылды.
Екі күнге
созылған жиында Орталық Азия елдерінің жоғары білім беру жүйесіндегі жасанды
интеллекттің мүмкіндіктері мен тәуекелдері, цифрлық трансформация, академиялық
ынтымақтастық және Erasmus+ бағдарламасының жаңа мүмкіндіктері кеңінен
талқыланды.
«Abai University» медиа орталығы