АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ

Астана қаласында өткен RES EXPO 2026 халықаралық көрмесінде Абай университеті ұсынған экологиялық және ғылыми-инновациялық жобалар халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болып, университет арнайы халықаралық сертификатпен марапатталды. Бұл маңызды жетістік оқу орнының ғылым мен тұрақты даму бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін тағы бір мәрте айқындады.


Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы және халықаралық ұйымдардың қолдауымен 22-24 сәуір аралығында ұйымдастырылған көрмеге еліміздің жетекші жоғары оқу орындары қатысты. Басқосу барысында қатысушылар экология, жасыл технологиялар және тұрақты даму саласындағы ғылыми жобаларын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты. Осындай ауқымды халықаралық көрмеде Абай университеті мазмұнды жобаларымен көпшілік назарын өзіне аударды.


«Abai University: Тұрақты даму жолында» атты тұжырымдама аясында бес іргелі жобасын таныстырып, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған нақты ғылыми бастамаларын көрсетті. Атап айтқанда, ғалымдар қалдықтарды тиімді басқару, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, баламалы энергия көздерін дамыту, биогумус өндіру, мұнаймен ластанған аумақтарды тазартуға арналған мобильді құрылғылар және «жасыл» кампус жүйесін дамыту туралы жобалар ұсынды. Бұл жобалар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғам өмірінің сапасын жақсартуға бағытталғанымен ерекшеленді.


Әсіресе, көрмеде ұсынылған «Green University» бастамасы университет ғалымдарының ұзақ жылдар бойғы ғылыми ізденісі мен тәжірибелік еңбегінің жемісі ретінде жоғары бағаланды. Табиғатқа жанашырлық пен ғылыми жаңашылдықты ұштастырған жобалар оқу орнының экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы белсенді ұстанымын көрсетеді.


Көрме қорытындысында Абай университетіне арнайы халықаралық марапаттың табысталуы – оқу орнының ғылыми әлеуеті мен ғалымдарының кәсіби деңгейіне берілген үлкен құрмет. Әрі бұл жетістік университет ұжымының табанды еңбегі мен ғылымды қоғам игілігіне бағыттай білген жауапкершілігінің нәтижесі ретінде бағаланды.

 

«Abai University» медиа орталығы