18.05.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МУЗЕЙІ – ТАНЫМ КӨКЖИЕГІ
18 мамыр –
Халықаралық музейлер күні. Адамзаттың тарихи
жады мен мәдени мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізетін музейлердің
қоғамдағы орнын айқындайтын мереке ретінде аталып өтеді. Қазақстанда жалпы саны 286 музей болса,
оның ішінде Абай университетінің музейі 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда
оқу орнының шежірелі тарихы баяндалып, ұлттық жәдігерлер мен студенттердің
шығармашылық жұмыстары қойылған.
Музейлер күні қарсаңында елімізде жыл сайын дәстүрлі «Музей түні» мәдени
акциясы ұйымдастырылады. Яғни музейлер түнгі уақытта да есігін
айқара ашып, келушілерді тегін қабылдайды. Бүгінгі таңда республика
бойынша 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам құнды
тарихи-мәдени мұра сақталған. Оның ішінде мәдени
астананың музейлері
ерекше орын алады. Қаладағы музейлер тек тарихты сақтап қана қоймай, оны «тірі
тәжірибеге»
айналдырып, жастарға жақын форматта ұсынады.
Қара шаңырақ білімгерлерді ұлттық мәдениет пен тарихпен терең таныстыруда Алматы қаласы
музейлер бірлестігімен және басқа да музейлермен
ынтымақтастық тығыз байланыс орнатқан. Оқуға қабылданған бірінші курс
студенттері Алматы қаласы мен облысындағы мәдени ошақтарға саяхат жасайды.
Олардың қатарында
Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Нұрғиса
Тілендиевтің мемориалдық музейі, Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық пәтер-музейі,
Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Райымбек
батыр мемориалдық кешені және Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы бар. Сондай-ақ
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, Қазақстан Республикасының Орталық
мемлекеттік музейі, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі де студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық мәдениетке
деген құрметін тереңдетеді.
Абай атындағы
ҚазҰПУ тарихи
музейі осы рухани байланыстың маңызды бір бөлігі. Бұл – университеттің
тарихын, өнерін және даму жолын бір кеңістікке жинаған мәдени орталық. Оқу
орнының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында 1998 жылы ашылған. Музей кеңістігі
үш негізгі залға бөлінеді. Бірінші зал – Өнер факультеті студенттерінің шығармашылық жұмыстары қойылған галерея.
Кескіндеме,
графика және мүсін туындылары бар. Экспонаттардан студенттердің сабақ
барысында орындаған жұмыстары мен шығармашылық ізденістерін көре аласыз.
Екінші зал
сәндік-қолданбалы өнерге арналған. Бұл жерде ағаштан, теріден, темірден
жасалған тұрмыстық бұйымдар, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген заттар, кесте
және гобелен үлгілері қойылған. Залдағы жұмыстар этнодизайн бағытындағы оқу
процесінің нәтижесін көрсетеді.
Үшінші зал
университет тарихына арналған. Мұнда оқу орнының ашылу кезеңінен бастап бүгінгі
күнге дейінгі дамуын көрсететін фотосуреттер, құжаттар және түрлі архив
материалдары жинақталған. Бұл бөлім университеттің қалыптасу жолын жүйелі түрде
көз алдыңызға әкеледі.
Абай университетінің тарихи музейі тек экспонаттар сақталатын орын емес. Ол студенттердің оқу процесімен тікелей байланысты жұмыс істейтін шығармашылық-танымдық орта. Мұнда студенттер өз туындыларын ұсынады, кейбірі зерттеу тақырыптарына материал ретінде пайдаланады, экскурсия жасап, таным көкжиегін кеңейтеді.
«Abai University» медиа орталығы