КЛИМАТТЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ АЗИЯЛЫҚ МОДЕЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Абай университетінде климаттық өзгерістердің жаһандық салдарын білім беру жүйесі арқылы еңсеруге бағытталған халықаралық воркшоп-семинар басталды. Іс-шараға Жапониядағы Okayama университетінің профессоры, PhD Хироки Фуджи және университет басшылығы, Алматы қаласының мектеп мұғалімдері, жас ғалымдар қатысты.


«Климаттық әрекетке арналған сабақты жоспарлау: мазмұн, педагогика, бағалау» тақырыбында өткен воркшоп Азия елдерінде климаттық білім беруді дамытуға арналған «Promoting Teacher Education for Climate Change Education» (ATECCE) халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Бүгінде бұл бастама Қазақстан, Жапония, Индонезия, Моңғолия, Үндістан, Қытай, Малайзия, Тайланд және Филиппиннің жетекші университеттерін біріктірген ірі академиялық платформаға айналды. Жоба UNESCO Bangkok, Asia-Pacific Cultural Centre for UNESCO және Жапонияның Ғылымды дамыту қоғамының қолдауымен жүзеге асырылып келеді.


Семинардың ашылуында университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова климаттың өзгеруі тек экологияға ғана емес, білім беру мен қоғам қауіпсіздігіне де қауіп төндіріп тұрғанын алға тартты. Сондықтан қазіргі басты міндет – мұғалімдерді жаңа жағдайға сай оқытуға дайындау екенін атап өтті.


Ал жапондық профессор Хироки Фуджи бұл мәселе жекелеген ғылыми талқылау шеңберінен шығып, бүкіл адамзаттың болашағын айқындайтын жаһандық мәселеге айналғанын айтты.


– ATECCE жобасы дәл осы мақсатта құрылды. Бүгінде біздің желі Азияның 13 еліндегі 24 педагогикалық университеттің басын қосып отыр. Біз климаттық білім беруді мектеп бағдарламасына енгізудің нақты дидактикалық үлгілерін жасап жатырмыз. Семинар барысында әзірленетін сабақ жоспарлары өскелең ұрпақтың табиғатты қорғау сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді, – деді профессор.


Сонымен қатар жапондық ғалым Абай университетінің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылық рөлін жоғары бағалап, қазақстандық педагогтардың халықаралық интеграцияға белсенді араласуы өңірдегі кадр даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді.


Халықаралық тренинингтің практикалық бөлімде отандық ғалымдардың мазмұнды дәрістері тыңдалды. Мәселен, география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Каймулдинова «Климаттық өзгерістер дәуіріндегі климаттық экстремумдар: теориялық тұжырымдар мен кеңістіктік-уақыттық ерекшеліктер» тақырыбын қозғаса, профессор Баһадүр Абдиманапов «Қазақстанның құрғақ және таулы аймақтарындағы климаттық экстремумдар: климаттық өзгерістер жағдайындағы кеңістіктік-уақыттық талдау» жайында баяндама жасады. Жиынға қатысушылар осы экологиялық тәуекелдерді ескере отырып, мектепте қолданылатын жаңашыл әдістемелерді, оқыту принциптері мен бағалау тетіктерін өзара талқылады.


Айта кету керек, Абай университеті бұл бағыттағы жұмыстарды алғаш рет қолға алып отырған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2024 жылы қара шаңырақта дәл осы халықаралық жобаның ауқымды форумы өткен болатын. Сол жиын Орталық Азия өңіріндегі экологиялық дидактиканың берік іргетасын қалап, бүгінгі тәжірибелік воркшоптың сәтті жалғасуына тікелей ықпал етті.


Көпжылдық тәжірибе нәтижесі бойынша қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын мектеп партасынан бастап қалыптастырмайынша, жаһандық дағдарыстарға тосқауыл қою мүмкін емес. Серіктестердің бұл бірлескен қадамы болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, жас ұрпақтың табиғатқа деген саналы көзқарасын қалыптастыруға сеп болары анық.

«Abai University» медиа орталығы