КӨЛСАЙДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ – СТУДЕНТТЕР АСЫҒА КҮТЕР СӘТ

КӨЛСАЙДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ – СТУДЕНТТЕР АСЫҒА КҮТЕР СӘТ

Абай университетінің Жаратылыстану және география факультетінің студенттері үшін «Дала» тәжірибесі – жай ғана оқу бағдарламасындағы практика емес, нағыз табиғатпен бетпе-бет келетін ерекше сапар. Жыл сайын студенттер Көлсай, Түрген, Есік сынды табиғаты көркем аймақтарға барып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Ал қалада қалғандары Медеу мен Ботаникалық бақта зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен студенттердің көбі асыға күтетін сапар – Көлсайға бағытталған «Дала» тәжірибесі.

       Таңғы салқын ауамен басталатын тәжірибе күндері студенттер үшін мүлде бөлек әлемге енгендей әсер сыйлайды. Қолдарында анықтама кітапшалары, арқаларында сөмке, алдарына қойылған тапсырмалармен олар тау бөктеріндегі өсімдіктер мен жәндіктер әлемін зерттеуге кіріседі. Аудиторияда қағаз бетінде оқылған дүниелер табиғат аясында мүлде басқа қырынан танылады.

     Биология мамандығының 3-курс студенті Айдана Ермекқызы Көлсайдағы алғашқы күндерінің өзі ерекше әсер қалдырғанын айтады. Оның сөзінше, бұл тәжірибе болашақ мамандығына деген қызығушылығын одан сайын арттырған.





– Көлсайдың табиғаты өте әдемі. Көлдің өзі, айналасындағы орман, таза ауа ерекше әсер береді. Бұрын теорияда ғана оқып жүрген көптеген жәндіктер мен өсімдіктерді тірідей көрдік. Табиғатта жұмыс істеудің жауапкершілігі мүлде бөлек екен. Ұқыптылық пен тазалықтың қаншалықты маңызды екенін сонда түсіндім, – дейді студент.

Цитата с изображением
Айдана Ермекқызы
биология, 3-курс студенті

      Айдананың айтуынша, тәжірибе барысында студенттер үшін ең қиыны – өсімдіктер мен жәндіктердің түрлерін ажырату. Сондықтан олар анықтама кітапшаларын үнемі өздерімен бірге алып жүрген. Кейде ұзақ уақыт бойы белгісіз жәндіктің атауын іздеп, бүкіл топ болып талқылайтын сәттер де аз болмапты.

– Теория мен тәжірибенің айырмашылығы жер мен көктей екен. Сабақта бәрі жеңіл көрінеді. Ал табиғат аясында нақты жұмыс істегенде мүлде басқаша сезінесің. Біз кейбір сирек өсімдіктер мен жәндіктерді бұрын тек кітаптан ғана көретінбіз. Ал оларды табиғат ортасында көру ерекше әсер сыйлады. Осындай тәжірибеде пән оқытушылары мен ғалымдардың көмегі көп болды. Олар бізге өсімдіктер мен жәндіктерді ажыратуды, табиғатта зерттеу жұмысын жүргізуді үйретті. Қауіпсіздік ережелерін де үнемі түсіндіріп отырды. Сол кісілердің арқасында практика біз үшін қызықты әрі пайдалы өтті, – дейді Айдана.



        Күндізгі зерттеу жұмыстарынан кейін студенттер арнайы дайындалған киіз үйлерге орналасады. Кешкілік таудың салқын самалы ескен шақта олар бір жерге жиналып, ән айтып, әңгіме-дүкен құрып, ерекше атмосфераны сезінеді. Студенттердің сөзінше, Көлсайға барар алдында ең маңыздысы – дұрыс дайындық. Таулы аймақтың ауа райы құбылмалы болғандықтан, жылы киімсіз шығу қиын. Биология мамандығының студенті Дияс Тастанбек те осыған ерекше тоқталды:

–  Көп адам тауға бара жатқан соң жеңіл киім ала салады. Бірақ кешке қатты суық болады, ауа райы да тез өзгеріп кетеді. Сондықтан жылы киім, жел өткізбейтін сырт киім, ұзын әрі ыңғайлы етік міндетті түрде қажет. Сонымен қатар күннен қорғайтын SPF крем қолдану керек, ал кенеге қарсы спрей мен жабық киім табиғаттағы жәндіктерден қорғайды. Ең бастысы, дәрі қобдишасын алып жүру керек, өйткені далада кез келген жағдай болуы мүмкін, – дейді ол.

Цитата с изображением
Дияс Тастанбек
биология, 3-курс студенті

        Практикаға шыққан сәттен бастап әр кезеңді суретке түсіріп отырған маңызды. Табылған жәндіктер, өсімдіктер, зерттеу жүргізген жерлердің бәрі кейін есеп пен презентацияға қажет. Күнделікке атқарылған жұмыс пен бақылауларды күнде жазып отырған жөн.

       
     Диястың Көлсайдағы тәжірибеден есте қалған сәті де ерекше. Оның айтуынша, бір күні студенттер жәндіктер мен бауырымен жорғалаушыларды бақылауға шыққан кезде күтпеген жағдай болған.


– Біз омыртқасыз жәндіктерді зерттеп жүргенбіз. Сол кезде боз жыланды ұстап алдық. Оны базаға алып келіп, түрін анықтап, зерттеп болған соң қайта табиғатқа жібердік. Шынымды айтсам, қауіпсіздік шарттарын қатаң ұстанғандықтан маған жылан ұстау аса қорқынышты болған жоқ. Керісінше қызық көрінді, – дейді студент күліп.



      Студенттер үшін практика тек ғылыми зерттеумен шектелмейді. Жол бойындағы табиғат көріністері де ерекше әсер қалдырады. Әсіресе Шарын шатқалы мен Көлсай көлінің әсем көріністері олардың есте ұзақ сақталатын әсерлі сәттерінің біріне айналған.

     Ал қазір 1-курс студенттері өздерінің алғашқы тәжірибелерін тағатсыздана күтіп жүр. Жақын күндері олар университеттің Агробиостанциясына барып, алғашқы зерттеу жұмыстарын бастайды. Оқытушылар қазірдің өзінде қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, студенттерге қажетті құрал-жабдықтардың тізімін берген. Гербарийге арналған газеттен бастап, жәндік салатын қорап, қолғап, күрек, ине мен мақтаға дейін әр заттың өз орны бар.

      Биология ғылымдары мамандығының 1-курс студенті Ақерке Есенбек жоғары курс студенттерінің тәжірибеден алған әсерлерін көріп, өзі де сол сәтті асыға күтіп жүргенін айтады.



– Әлеуметтік желіден жоғары курс студенттерінің практикадағы қызықты сәттерін көріп, біз де сондай күндерді армандайтынбыз. Бұл тәжірибе бізге мамандығымызды тереңірек түсінуге көмектеседі деп ойлаймын. Келесі жылы Көлсай мен Есікке барсақ деген үмітіміз бар, – дейді ол.


       Шынында да, «Дала» тәжірибесі студенттер үшін жай ғана сапар емес. Ол – табиғатты танып қана қоймай, өз мүмкіндігін сынайтын, ұжыммен жұмыс істеуді үйренетін, болашақ мамандығына бір қадам жақындайтын кезең. Ал Көлсайдың мөлдір суы мен тау арасындағы сол күндер олардың студенттік өміріндегі ең ыстық естеліктерінің біріне айналары анық.


      Практика аяқталған соң студенттер университетке оралғаннан кейін тәжірибе барысында түсірілген суреттерді, зерттеген өсімдіктер мен тапқан «байлықтарының» фотоларын жинақтап, арнайы презентация дайындайды. Әр топ өздерінің дала тәжірибесінде не үйренгенін, қандай зерттеу жүргізгенін, бастысы не түйгендерін оқытушылар алдында қорғайды.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту